Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы өткізу бекеті жабылады
Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы "Чалдыбар" өткізу бекеті уақытша жұмысын тоқтатады. Бұл туралы Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметі мәлімдеді.
25 қараша сағат 01:00–ден бастап бекет арқылы көліктің барлық түрінің қозғалысы тоқтатылады. Бұған Қазақстан аумағындағы "Сыпатай батыр" өткізу бекетінде жүргізілетін құрылыс жұмыстары себеп болған.
23 қарашадан бастап Қазақстаннан Қырғызстанға жүк көліктерінің өтуіне шектеу қойылған. Ал 25 қарашадан бастап жеңіл көліктер, жүк машиналары мен автобустардың қозғалысы толық тоқтайды. Жаяу жүргіншілер шекарадан бұрынғыдай өте алады.
Алдын ала мәлімет бойынша, көлік қозғалысын 2027 жылдың соңына қарай қайта ашу жоспарланып отыр. Осы кезеңде жүргізушілерге "Ақ-Жол", "Ақ-Тілек", "Кең-Бұлын" және "Тоқмақ" өткізу бекеттерін пайдалану ұсынылды.