Қазақстан-Оман серіктестігі жаңа экономикалық байланыстарға жол ашты
Қазақстан-Оман серіктестігі жаңа экономикалық байланыстарға жол ашты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидпен бүгінгі келіссөздері Қазақстан мен Оман арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болды. Кездесу барысында екіжақты байланыстарды кеңейтуге және экономикалық серіктестікті нығайтуға бағытталған бірқатар келісімдерге қол қойылды.
Келіссөздерде инвестиция, энергетика, көлік-логистика, цифрландыру, технология және басқа да перспективалы бағытты дамыту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Оманның порттық инфрақұрылымын пайдалану, тікелей әуе рейстерін ашу және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктеріне мән берілді.
Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, бүгінгі уағдаластық саяси диалогты нақты экономикалық жобалармен толықтыруға мүмкіндік береді. Оның пікірінше, Қазақстан мен Оманның өзара толықтыратын мүмкіндіктерін тиімді пайдалану инвестиция тартуға, жаңа өндірістер мен логистикалық бағыттарды дамытуға және қазақстандық өнімдердің жаңа нарықтарға шығуына жол ашады.
– Мемлекет басшысы Оман Сұлтанының Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапарын тарихи мәні бар оқиға деп бағалады. Президенттің осы сапарға айрықша мән беруі Қазақстан мен Оман арасындағы қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге қалай ықпал етеді?
– Бұл сапарды Қазақстан мен Оман қатынастарының жаңа экономикалық кезеңінің бастауы деп айтуға болады. Оның ерекше мәні – Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың Қазақстанға ғана емес, Орталық Азияға алғаш рет мемлекеттік сапармен келуі. Бұл сапардың дәл Қазақстанда өтуі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың белсенді дипломатиялық саясатының және Қазақстанның Парсы шығанағы елдерімен тиімді байланыстарды дамытуға бағытталған ұстанымының нәтижесін көрсетеді. Мемлекет басшысының Сұлтанның алғашқы сапарына ерекше мән беруі екі ел арасындағы байланысты дипломатиялық деңгейден нақты экономикалық әріптестік деңгейіне көтеруге деген саяси ерік-жігердің бар екенін аңғартады.
Қазақстан үшін Оман – Парсы шығанағындағы маңызды мемлекет. Ал Оман үшін Қазақстан – Орталық Азиядағы ірі экономика әрі Еуропа мен Азия арасындағы маңызды транзиттік ел. Сондықтан бүгінгі келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың маңызы зор. Ендігі міндет – қол қойылған келісімдерді нақты инвестициялық жобаларға айналдыру. Яғни саяси сенім инвестицияға, бірлескен өндіріске, саудаға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін нақты экономикалық нәтижелерге ұласуы керек.
– Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Оман арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті мол екенін атап өтті. Президент айқындаған басым бағыттардың ішінде екі ел үшін ең перспективалы салаларды қалай бағалайсыз?
– Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына, ең алдымен, мұнай-газ, көлік-логистика және энергетика салаларын жатқызуға болады. Бұл бағыттардың әрқайсысында Қазақстан мен Оманның бірін-бірі толықтыратын мүмкіндіктері бар. Сондықтан қазіргі міндет – қол жеткізілген саяси уағдаластықтарды нақты экономикалық жобалармен толықтырып, екі ел бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру.
Сонымен бірге Қазақстан үшін маңыздысы – тек шикізат экспортын арттыру емес. Біз Оман капиталын Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібіне, логистикаға және экспортқа бағытталған өндірістерге тартуға ұмтылуымыз керек. Бұл өз кезегінде жаңа өндіріс орындарын ашуға, технология мен инвестиция тартуға, қазақстандық өнімнің сыртқы нарықтарға шығу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады. Осы тұрғыдан алғанда, Оманның инвестициялық институттарымен және жеке секторымен бірлескен жобаларды көбейту маңызды.
Мұнда көлік-логистика бағытының да әлеуеті жоғары. Қазақстан өзінің географиялық орналасуын пайдалана отырып, Оманның порттық инфрақұрылымы арқылы Парсы шығанағы, Үнді мұхиты және басқа да перспективалы нарықтарға шығу мүмкіндігін кеңейте алады. Яғни Оман Қазақстан үшін теңіз бағыттарына шығатын маңызды серіктес бола алады, ал Қазақстан Оман үшін Орталық Азия нарығына және одан әрі Еуропа мен Азия арасындағы сауда бағыттарына шығуға мүмкіндік береді.
Мысалы, Қазақстан өз шикізаты мен дайын өнімдерін Оман арқылы Парсы шығанағындағы нарықтарға шығара алады. Бұл ретте мәселе тек екіжақты сауда көлемін арттыруда емес. Екі ел үшінші нарықтарға бағытталған бірлескен өндірістер мен инвестициялық жобаларды қалыптастыра алады. Мәселен, Қазақстандағы өндіріс мүмкіндіктері мен Оманның теңіз порттары мен халықаралық сауда байланыстарын ұштастыру арқылы бірлескен экспорттық жобаларды дамытуға болады.
Сондықтан қазіргі кезеңде басты назар қол қойылған келісімдердің нақты жобаларға ұласуына аударылуы керек. Егер инвестиция, өндіріс, логистика және сауда бағыттары бір-бірімен байланыстырылса, Қазақстан мен Оман арасындағы ынтымақтастықтың ауқымы айтарлықтай кеңейеді. Бұл жерде перспектива тек Қазақстан үшін ғана емес, Оман үшін де жоғары. Екі елдің экономикалық мүмкіндіктерін өзара толықтыру арқылы жаңа нарықтарға бірге шығуға мүмкіндік бар.
– Мемлекет басшысы екі ел арасындағы барыс-келісті арттыру үшін қосымша тікелей әуе рейстерін ашудың маңызын айтты. Бұл бастама Қазақстан мен Оман арасындағы туризм, іскерлік және мәдени байланыстарды дамытуға қандай жаңа мүмкіндіктер береді?
– Қазақстан мен Оман арасындағы бұл сапар жаңа нарықтарға шығу моделінің қалыптасуына негіз болады деп ойлаймын. Шын мәнінде, көлік қатынасын дамытуда тікелей әуе рейстерінің маңызы өте зор. Бұл сырттай қарағанда инфрақұрылымдық мәселе сияқты көрінгенімен, шын мәнінде экономикалық байланыстардың маңызды катализаторына айналады.
Егер екі ел арасында тікелей әуе рейстері ашылса, Қазақстаннан Оманға туристердің баруы ғана емес, Оманнан Қазақстанға туристер мен іскер адамдардың келуі де жеңілдейді. Бұл бизнес үшін өте маңызды. Қазір бірнеше рет ауысып, ұзақ жол жүру қажет болуы мүмкін. Ал іскерлік байланыстарда уақыт факторының маңызы жоғары. Тікелей рейс екі ел кәсіпкерлері үшін уақыт пен шығынды азайтып, іскерлік байланысты жандандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл туризмге, саудаға, қызмет көрсету саласына, білім мен мәдени алмасуға да мультипликативтік әсер береді.
Сондықтан тікелей әуе рейсінің пайда болуы – жай ғана көлік мәселесінің шешімі емес, екі ел арасындағы экономикалық көпірді нығайтатын маңызды қадам.
– Сапар аясында Доңға мұнай кен орнына қатысты маңызды келісімге қол қойылуы Қазақстан–Оман экономикалық ынтымақтастығының әлеуетін көрсетті. Президенттің инвестициялық серіктестікті дамытуға бағытталған саясаты жаңа бірлескен жобалардың жүзеге асуына қалай жол ашады?
– Доңға кен орнында мұнай өндіру жобасы екі ел арасындағы инвестициялық серіктестіктің нақты нәтижесін көрсететін маңызды мысал. Бұл жоба Қазақстан мен Оман арасындағы экономикалық көпірдің сөз жүзінде емес, нақты активтер мен жұмыс істеп тұрған жобалар арқылы қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Мұнда Президенттің инвестициялық серіктестікке басымдық беруі өте маңызды.
Себебі инвестиция үшін ең керегі – саяси тұрақтылық, ұзақ мерзімді жоспарлауға мүмкіндік беретін жағдай және мемлекет тарапынан қолдау. Егер осы үш фактор қамтамасыз етілсе, бір жобаның артынан екінші жобаның келу ықтималдығы артады. Меніңше, ендігі кезеңде мұндай ынтымақтастық мұнай-газ саласымен шектелмей, мұнай өңдеу, мұнай-химия, энергетика, логистика және жоғары қосылған құны бар өндірістерді қамтуы керек.
Ең маңыздысы – Қазақстан үшін инвестицияның тиімділігі тек капиталдың келуімен өлшенбейді. Инвестиция жаңа технологияның келуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, салық түсімдерінің артуына және экспорт көлемінің ұлғаюына ықпал етуі қажет. Сондықтан екі ел арасындағы қазіргі саяси уағдаластықтарды нақты экономикалық жобаларға айналдырудың маңызы зор.
– Президент Қазақстан мен Оманның сенімді серіктестік орнатуына барынша күш салатынын айтты. Мемлекет басшысының осы ұстанымы екі ел арасындағы экономикалық байланыстармен қатар, саяси және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетуге қандай негіз қалыптастырады?
– Мемлекет басшылары деңгейіндегі тұрақты саяси диалог екі ел арасындағы сенімді нығайтып, берік серіктестік қалыптастыруға негіз болады. Қазақстан мен Оман арасындағы тарихи тұрғыдан алғанда қайшылықтар аз. Екі ел де өзара құрметке негізделген сыртқы саясат ұстанады. Сондықтан саяси сенім экономикалық жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы орта қалыптастырады. Әсіресе ұзақ мерзімді инвестициялық жобалар үшін елдер арасындағы тұрақты әрі сенімді қарым-қатынастың маңызы зор.
Оның үстіне екіжақты байланыстар мұнай немесе инвестициямен ғана шектелмеуі керек. Білім, ғылым, мәдениет, туризм, спорт және жастар арасындағы байланыстарды да дамыту маңызды. Осындай гуманитарлық бағыттар халықтар арасындағы өзара түсіністікті күшейтіп, елдер арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестікте осындай көп деңгейлі байланыстарға сүйену маңызды. Яғни саяси сенім экономикалық серіктестікке жол ашады, ал гуманитарлық байланыстар сол серіктестіктің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Осы бағыттардың барлығы өзара толықтырылып отырса, Қазақстан мен Оман арасындағы қарым-қатынас та ұзақ мерзімді әрі жан-жақты сипат алады.
– Мемлекет басшысы Қазақстан мен Оманның көлік-логистика саласындағы мүмкіндіктерін тиімді ұштастырудың маңызын атап өтті. Президенттің Қазақстанды Еуропа мен Азия арасындағы маңызды көлік дәліздерінің біріне айналдыруға бағытталған саясаты Оман порттары арқылы жаңа сауда бағыттарын дамытуға қандай мүмкіндік береді?
– Енді Оман порттарына келсек, көлік-логистикалық бағыттағы ынтымақтастықтың әлеуеті өте жоғары деп ойлаймын. Қазақстанның басты артықшылықтарының бірі – оның Еуропа мен Азия арасындағы стратегиялық орналасуы болса, Оманның маңызды артықшылықтарының бірі – Үнді мұхитына, Парсы шығанағына және басқа да ірі нарықтарға шығуға мүмкіндік беретін порттық инфрақұрылымының болуы.
Осы екі артықшылықты біріктірсек, жаңа логистикалық маршруттарды қалыптастыруға жақсы мүмкіндік бар. Мысалы, Қазақстаннан шығатын жүктер Оман порттары арқылы Парсы шығанағындағы, Үнді мұхиты бағытындағы және басқа да перспективалы нарықтарға жеткізілуі мүмкін. Бұл Қазақстан үшін өте маңызды, өйткені бір ғана транзиттік бағытқа тәуелді болмау керек. Логистикалық маршруттар неғұрлым көп болса, экспорттаушылар үшін бағыт таңдау мүмкіндігі соғұрлым артып, сыртқы тәуекелдерді азайтуға жағдай жасалады.
Сондықтан Қазақстан мен Оман арасындағы көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық болашақта тек екі ел арасындағы сауда көлемін арттырумен шектелмей, Қазақстанның жаһандық көлік-логистикалық хаб ретіндегі рөлін одан әрі күшейтуге ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар бұл бағыт қазақстандық өнімдерді жаңа нарықтарға шығаруға және транзиттік әлеуетімізді тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Жалпы айтқанда, бұл сапардың басты экономикалық мәні – Қазақстан мен Оман арасындағы қатынастарды тек сауда деңгейінде қалдырмай, инвестиция, өндіріс, логистика және жаңа нарықтарға бірлесіп шығу мүмкіндігін қамтитын кең ауқымды экономикалық серіктестік деңгейіне көтеру. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі қол қойылған келісімдер екі ел үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды негіз қалыптастырады.