Әлеумет

"Қазақстан" шоколады Қытайда неге арзан?

"Қазақстан" шоколады Қытайда неге арзан?

Фото скриншот / ЖИ арқылы өңделді

Қытайдың Pinduoduo сауда платформасында "Рахат" фабрикасы шығаратын "Қазақстан" шоколадының отандық дүкендерге қарағанда арзан сатылуы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Бұл туралы "Курсив" басылымы хабарлады.

Threads әлеуметтік желісінің қолданушысы қазақстандық шоколадтың Қытайдағы бағасы 9,9 юань, яғни шамамен 680 теңге екенін көрсеткен. Оның үстіне тауарды Қазақстанға тегін жеткізу ұсынылған.

"Маған Қазақстанның экономикасын түсіндіріңіздерші. Қазақстанда өндірілген шоколад қалайша Қытайда арзан тұрады? Оның үстіне Қазақстанға қайтадан тегін жеткізіп береді. Әлде мен бір нәрсені түсінбей отырмын ба?" – деп жазды желі қолданушысы.

Қазақстандағы дүкендерде 100 грамдық шоколадтың бағасы мынадай:

  • SMALL – 1195 теңге;

  • Magnum – 983 теңге;

  • Arbuz – 983 теңге.

Дегенмен желіде жарияланған скриншотта Қытай платформасындағы шоколадтың бағасы 50 пайыздық жеңілдікпен ұсынылғаны және тауар сипаттамасында оның салмағы 90 грамм деп көрсетілгені байқалады.

Кейбір қазақстандықтар аталған шоколадты Pinduoduo платформасынан іздеп, 19 юаньға, яғни шамамен 1300 теңгеге сатылып жатқанын анықтаған.

"Рахат" фабрикасы Қытайға бірнеше жылдан бері өнім экспорттап келеді. 2018 жылдың өзінде компанияның өнімдері Alibaba және Taobao платформаларында дистрибьюторлар арқылы сатылған.

2026 жылғы тамыздағы мәлімет бойынша, фабрика сатылымының шамамен 22 пайызы экспортқа тиесілі.

Алайда "Рахат" фабрикасы Pinduoduo платформасымен ынтымақтастығы туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Аталған платформада қазақстандық шоколадты кім сатып отырғаны және өндірушінің ішкі нарық пен экспортқа жөнелтетін өнімінің бағасында айырмашылық бар-жоғы әзірге белгісіз.

Сайт Әкімшілігі