Оқиғалар

Қазақстан спортының жаңа тынысы: жеңістер, рекордтар және тарихи нәтижелер

Кейінгі айларда отандық спортшылар халықаралық аренада жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.

Фото ашық дереккөз

Әлем және Азия чемпионаттарында, Азия ойындары мен халықаралық турнирлерде спортшыларымыз жүлделі орындарға ие болып, жаңа рекордтар орнатып, тарихи жетістіктерге қол жеткізуде. Әрбір жеңіс – спортшының жеке еңбегімен қатар, елдегі спорт жүйесінің нәтижесін де көрсетеді.

Мәселен, теннисші Елена Рыбакинаның биылғы жетістіктері Қазақстан теннисінің әлемдік деңгейдегі орнын тағы бір мәрте айқындады. Ол АҚШ ашық чемпионатында жеңіске жетіп, мансабындағы үшінші "Үлкен дулыға" титулын иеленді. Сонымен қатар Рыбакина алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атанып, Қазақстан тарихында WTA рейтингінде көш бастаған алғашқы теннисші болды.

Шахмат. Қазақстандық шахматшы қыздар халықаралық аренада тұрақты нәтиже көрсетіп келеді. Бірер күн бұрын Өзбекстанда өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында күміс медаль еншіледі. Осылайша, қыздарымыз былтырғы нәтижесін қайталап, әлемдік деңгейдегі бәсекеде өздерінің әлі де үздік екенін тағы бір көрсетті.

Бұл – Қазақстанда шахматпен қатар, жалпы спорттың да дамып келе жатқанын көрсетеді. Соңғы уақытта спортшыларымыз халықаралық жарыстарда жиі жүлдеге ілігiп, жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Әр жарыстағы осындай жетістіктер ел спортының әлеуеті артып, қазақстандық спортшылардың әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеті күшейіп келе жатқанын көрсетсе керек.

Жапонияда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында қазақстандық велоспортшы Алексей Луценко тарихи нәтижеге қол жеткізді. Ол өзінің алтыншы Азия ойындарында чемпион атанып, Ойындар тарихындағы рекордын жаңартты. Ал Евгений Федоров ерлер арасындағы топтық жарыста күміс медаль иеленді.

Бұл нәтижелер Қазақстанның Азия құрлығында велоспорт бойынша көшбасшы елдердің бірі екенін тағы бір мәрте көрсетті. Алексей Луценконың алтын медалі мен Евгений Федоровтың күмісі – қазақстандық велоспорттың жоғары деңгейін және спортшыларымыздың құрлықтағы бәсекеде үздіктер қатарында екенін дәлелдейді. Мұндай нәтижелер елімізде велоспорттың жүйелі түрде дамып, халықаралық аренада жоғары көрсеткіштердің артып келе жатқанын көрсетеді.

Биыл семсерлесушілеріміз үшін ерекше жыл болып отыр. Маусым айында ерлер құрамасы Азия чемпионатында алтын медаль иеленсе, шілде айында әлем чемпионатында алғаш рет жеңімпаз атанды. Ал қыркүйек айында, Жапонияда өткен Азия ойындарында тағы да топ жарып, алтын медаль еншіледі. Осылайша, небәрі үш айдың ішінде семсерлесушілеріміз Азия чемпионаты, әлем чемпионаты және Азия ойындарында қатарынан жеңіске жетті.

Жапониядағы Азия ойындарының финалында қазақстандық семсерлесушілер Оңтүстік Корея құрамасымен кездесті. Шешуші бәсекеде Қазақстан командасы 43:42 есебімен қарсыласынан басым түсіп, Азия ойындарының чемпионы атанды. Бұл нәтиже семсерлесуден қазақстандық спортшылардың биылғы маусымда тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындары Қазақстан спортшылары үшін тарихи жетістіктерге толы болып келеді. Жарыстың алғашқы күнінен-ақ спортшыларымыз жоғары нәтиже көрсетіп, ел қоржынына алтын медальдар сала бастады. Велоспортшы Рината Сұлтанова Азиаданың алғашқы жарыс күнінде Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы алтынды салды. Ал академиялық ескек есуден Владислав Яковлев пен Иван Чернухин Азия ойындарында елімізге тарихи алтын жүлде сыйлады.

Бұдан бөлек, бірқатар спорт түрінен қазақстандықтар алғаш рет Азия ойындарының тұғырына көтерілді. Семсерлесуден әйелдер құрамасы Азия ойындары тарихында тұңғыш рет қола медаль жеңіп алды. Жеңіл атлетикадан Полина Иванова да сырықпен секіруден Қазақстан тарихындағы алғашқы жүлдеге қол жеткізді. Қазіргі бессайысшыларымыз 16 жылдан кейін қайтадан Азия ойындарының жүлдесіне ие болды.

Ал ерлер арасындағы семсерлесуден Қазақстан құрамасы 24 жылдан кейін Азия ойындарының алтынына қайта қол жеткізді. Велоспортшы Алексей Луценко өзінің алтыншы Азия ойындарында чемпион атанып, Азиада тарихындағы ең табысты қазақстандық спортшы атанды.

Бұл нәтижелердің әрқайсысы Қазақстан спортында жаңа есімдер мен жаңа бағыттардың қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Әр жарыста тарихи нәтижелердің тіркелуі елімізде спорт түрлерінің ауқымы кеңейіп, қазақстандық спортшылардың Азия деңгейіндегі бәсекеге қабілеті артып келе жатқанын аңғартады.

Сайт Әкімшілігі