Әлеумет

Қазақстанда 1,6 мың ауыл интернетке қосылады

Қазақстанда биыл 1,6 мың ауылды интернетке қосу жоспарланып отыр. Қазірге дейін олардың 370-іне байланыс желісі тартылған.

Фото: Shutterstock

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, ауылдық елді мекендерге тартылған байланыс желілерінің ұзындығы бүгінде 11 819 шақырымға жеткен. Жыл соңына дейін интернет инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары жалғасады.

Ал 2027 жылы облыстық және республикалық маңызы бар 40 мың шақырым автожолды ұялы байланыспен қамту көзделіп отыр. Бұл үшін ел аумағында 500-ден астам антенна-мачталық құрылым орнату жоспарланған.

Сонымен қатар 20-дан астам қалада 5G желісінің 4 мыңнан аса базалық станциясы іске қосылған.

Қазақстанда спутник арқылы тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретін Direct-to-Cell технологиясы да іске қосылды. Beeline және Starlink Mobile компанияларымен бірлескен жоба смартфон мен спутник арасында тікелей байланыс орнатып, елдің шалғай аймақтарында хабарлама жіберуге және интернеттің негізгі қызметтерін пайдалануға мүмкіндік береді.

Теміржол саласында да интернетпен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір 50 бағыттағы 124 пойыздың 1 500 вагоны байланыс желісіне қосылған.

Бұдан бөлек, жеті ұшақ пен 50 туристік нысанды интернетке қосу жұмыстары жалғасуда. Ал жалпы ұзындығы 4 511 шақырым болатын "Батыс – Шығыс" гипермагистралінің жартысы тартылған.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Интернет Ауыл