Қазақстанда 2027 жылдың соңына дейін 3G желісі толық тоқтатылады
Қазақстанда 2027 жылдың соңына қарай 3G мобильді байланыс желісін толық тоқтату жоспарланып отыр. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Министрлік жоспарына сәйкес, ескі желінің орнына 4G және 5G байланысын кеңейту көзделген. Атап айтқанда, 4G интернеті 5 291 ауылға жеткізіліп, 5G желісі 70 қала мен 300 ауылда іске қосылады. Нәтижесінде елдегі ауылдардың 92 пайызы мобильді интернетпен қамтылуы тиіс.
Сонымен қатар республикалық және облыстық маңызы бар 40 мың шақырым автомобиль жолын мобильді байланыспен қамтамасыз ету жоспарланған.
Осы жұмыстар аясында елімізде 500-ден астам антенна-діңгек орнатылады. Жобалар толық жүзеге асса, шалғай елді мекендер мен тасжолдардағы байланыс сапасы жақсарады.