Қоғам

Қазақстанда 2027 жылға қарай спутниктік интернет 120 мыңнан астам үйге қосылады

Бұл туралы Үкімет отырысында "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин мәлімдеді.

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда интернет инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. 2027 жылға қарай спутниктік байланыс арқылы 120 мыңнан астам үй шаруашылығын интернетпен қамту жоспарланған.

Бағдат Мусинның айтуынша, қазір елдегі абоненттердің 64 пайызы заманауи оптикалық желілерге қосылған. 2024 жылы бұл көрсеткіш 53 пайыз болған. Жаңа желілерге көшу нәтижесінде Қазақстандағы интернет жылдамдығы орта есеппен 70 пайызға артқан.

2025-2027 жылдарға арналған инвестициялық келісім аясында байланыс желілері экономикалық тұрғыдан тиімсіз аудандарға да тартылып жатыр. Жоспарланған жұмыстардың 39 пайызы орындалған.

Қазір 3 008 ауылдың 1 183-і интернетке қосылған. Сонымен қатар 1 683 мемлекеттік мекеме, оның ішінде 797 мектеп пен 303 фельдшерлік-акушерлік пункт желіге қол жеткізген. Осы уақытқа дейін 16 444 шақырым магистральдық оптикалық желі тартылған.

Спутниктік интернетті іске қосу үшін Amazon LEO компаниясымен бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатыр. 2027 жылы 120 мыңнан астам үй шаруашылығын қамтитын жоба іске қосылмақ. Қажетті стансалардың құрылысы Ақкөл мен Алатауда басталған, үшіншісі Атырауда салынады.

Бұдан бөлек, 2026 жылғы қазанда ұзындығы 380 шақырым болатын Транскаспий суасты талшықты-оптикалық байланыс желісі іске қосылды. Оның өткізу қабілетін 2036 жылға қарай секундына 21 Тбитке дейін жеткізу көзделген. Елдегі жергілікті интернет трафигінің үлесі 53 пайыздан асқан.

Қарашада Қосшы қаласында Al-Farabium-II суперкомпьютері іске қосылды. Оның есептеу қуаты 4 320 PFlops, ал құрамында 480 NVIDIA B300 чипі бар. Сондай-ақ 2025 жылғы шілдеден бері Бас прокуратураның антифрод орталығындағы жасанды интеллект жүйелері 5 миллионнан астам алаяқтық қоңыраудың жолын кескен.

Бағдат Мусин Үкіметке цифрлық инфрақұрылымды дамытуға қатысты үш ұсыныс енгізді. Біріншісі – байланысты электр, су және жылу сияқты негізгі инфрақұрылыммен тең құқықтық мәртебеге кезең-кезеңімен көшіру.

Екіншісі – байланыс кабельдерін зақымдағаны үшін жауапкершілікті күшейту. 2026 жылдың алғашқы он айында мұндай 459 жағдай тіркеліп, желілердің жұмысы жиынтығында 80 күнге тоқтаған. Қазір бұл құқықбұзушылық үшін салынатын ең жоғары айыппұл 120 АЕК немесе 519 мың теңге.

Үшінші ұсыныс жаңа ғимараттардың құрылыс стандарттарына қатысты. Мусин құрылыс компанияларын тұрғын үйлерді пайдалануға берген кезде әр пәтерге дейін оптикалық кабель тартуға және 5G базалық стансаларына қажетті орын қарастыруға міндеттеуді ұсынды.

Сайт Әкімшілігі