Қазақстанда автолизинг бағдарламасы іске қосылды
Қазақстанда автолизинг бағдарламасы іске қосылып, азаматтарға қолжетімді болды. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков мәлімдеді.
Журналистер вице-министрден 9 қазанда автолизинг мөлшерлемелерін белгілейтін бұйрық күшіне енгеннен кейін азаматтар бағдарламаны пайдалана ала ма деп сұрады. Сапарбековтің айтуынша, мемлекет тұрғындарға көлік сатып алудың түрлі жолдарын ұсынуға мүдделі.
"Біз халыққа автокөлікті ыңғайлы сатып алуға мүмкіндік беретін құралдар жиынтығын ұсынуға мүдделіміз. Соның бірі – қаржылық лизинг. Биыл осы бағытта тиісті өзгерістер енгізілді", – деді ол.
Вице-министр бағдарламаға қатысушылар санын белгілі бір межеге жеткізу міндеті қойылмағанын атап өтті. Негізгі мақсат азаматтарға көлік сатып алудың бірнеше тәсілін таңдау мүмкіндігін беру.
Оның сөзінше, қазір автонесие, бөліп төлеу және лизинг сияқты қаржылық құралдар қарастырылып, қажеттілігіне қарай енгізіліп жатыр. Бұл тәсілдер көлік құнын бірден толық төлемей, шығынды белгілі бір мерзімге бөліп өтеуге мүмкіндік береді.
Сапарбеков әр азаматтың көлік маркасы мен оны сатып алу тәсілін өз қаржылық мүмкіндігіне қарай таңдайтынын айтты.