Қазақстанда баламалы энергетиканы дамытудың жаңа тетіктері енгізілмек
Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған заңнамалық өзгерістер әзірленді.
Құрылтай депутаттары тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, ұсынылған өзгерістер елдің энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және салаға қосымша инвестиция тартуға бағытталған.
Қазіргі уақытта Қазақстанның маневрлік энергия қуатына қажеттілігі шамамен 3 ГВт деп бағаланып отыр. Оның 2 ГВт-қа жуығын жаңартылатын энергия көздері арқылы қамтамасыз ету жоспарланған.
Электр энергиясын жинақтайтын жүйелерді дамыту үшін арнайы аукциондар өткізу ұсынылып отыр. Сонымен қатар инвесторларға 15 жылға дейінгі ұзақ мерзімді төлем тетігін енгізу қарастырылған.
Заң жобасында өнеркәсіп пен жылумен жабдықтау салаларындағы энергия шығынын азайту мәселесіне де назар аударылған. Атап айтқанда, өндірістен бөлінетін қалдық жылуды, биогазды, сутегіні және жылу сорғыларын пайдалану мүмкіндіктері кеңейтілмек.
Мұндай технологияларды енгізу табиғи ресурстарды үнемдеуге, қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға және Қазақстанның жасыл экономикаға көшуіне ықпал етпек.