Әлеумет

Қазақстанда бір тәулікте үшінші жер сілкінісі тіркелді

28 қыркүйекте Қазақстан аумағында бір тәулік ішіндегі үшінші жер сілкінісі тіркелді.

Фото: из открытых источников

Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының (EMSC) мәліметінше, жер сілкінісі Астана уақытымен сағат 13:53–те болған. Магнитудасы – 4,2. Эпицентрі Кеген ауылынан шығыс-оңтүстік-шығысқа қарай шамамен 60 шақырым жерде орналасқан.

Қазақстан Ұлттық деректер орталығының жедел мәліметі бойынша, дүмпу ошағы Нарынқол ауылынан солтүстік-батысқа қарай 25 шақырым жерде болған.

Төтенше жағдайлар министрлігі жер сілкінісінің ошағы Қазақстан аумағында, Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 254 шақырым жерде орналасқанын хабарлады. Нарынқолда дүмпу 2-3 балл, Кегенде 2 балл шамасында сезілген.

"Қазселденқорғау" мамандары өзен арналары, гидротехникалық нысандар, көшкін және сел қаупі бар учаскелерді тексерген. ТЖМ мәліметінше, зақымдану анықталмаған, қирау мен зардап шеккендер туралы ақпарат түспеген.

Айта кетейік, 28 қыркүйек таңертең Алматыда бірнеше сағат аралықпен екі жер сілкінісі сезілген. Сейсмологтар алғашқы дүмпу кейінгі жер сілкінісінің форшогы болғанын хабарлады.

Сайт Әкімшілігі