Қазақстанда емханаға тіркеу науқаны басталды
15 қыркүйекте Қазақстанда халықты емханаға тіркеу науқаны басталды. Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі кампания екі айға созылмақ.
Биыл тіркеу eGov электронды үкімет веб-порталы арқылы жүргізіледі. Тіркелу үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет. Бұл туралы бүгін Алматы әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев хабарлады.Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, тіркеу процесінің автоматтандырылуы азаматтарды емханаға «сырттай» тіркеу фактілерінің алдын алуға көмектеседі. Сонымен қатар, еркін таңдау принципі бойынша азамат өзі тұрып жатқан бір әкімшілік бірлік аумағындағы емдеу мекемесінің біріне тіркеле алады. Облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда бір аудан ішіндегі емхананы таңдауға болады.
«Бұрынғы тәртіп бойынша емхана таңдауда аумақтық шектеу қойылмайтын. Бұл пациенттерге үйде көмек көрсету жағынан көптеген қиындықтар тудырды. Тұрғылықты жеріндегі емханаға емес, басқа жердегі клиникаға тіркелген адамдардың әсіресе, жүкті әйелдер мен жаңа туған балаларға үйге барып қызмет көрсету дәрігерлердің жұмысын қиындатып жіберді. Соған байланысты, нормативтік базаға өзгерістер енгізілді», — деп түсіндірді филиал басшысы.