Қоғам

Қазақстанда интернет-казиноларға 191 млрд теңге аударған төлем жүйесінің қызметі тоқтатылды

Қаржылық мониторинг агенттігі шетелдік интернет-казинолардың жұмысына заңсыз төлем аудару арқылы жәрдемдескен топқа қатысты тергеуді аяқтап, қылмыстық істі сотқа жолдады.

Фото: ашық дереккөзден

Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер өз бақылауындағы үш компанияның төлем жүйесін пайдаланып, шетелдік онлайн-казинолардың шоттарына ақша аударып отырған. Бұл жүйе әртүрлі банктерде орнатылған жүздеген терминалдан тұрған.

Олардың арасында Nomadgames, Sultangames, Pinco, Pin-UP, Vavada, Mostbet және 1WIN интернет-казинолары болған.

Заңсыз төлем операцияларының жалпы көлемі 191 млрд теңгеге жеткен. Ал ұйымдастырушылар алған комиссиялық сыйақы 286 млн теңге болған.

Ақша аударымдарының нақты мақсатын жасыру үшін күдіктілер заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің деректерін пайдаланған. Олардың кейбірі өз атына төлем қабылдайтын терминалдар тіркелгенінен бейхабар болған. Жалған келісімшарттар мен арнайы әзірленген сайттар арқылы аударымдар тауарлар мен қызметтердің ақысын төлеу ретінде көрсетілген.

Кейін қаражат шетелдік алушыларға, соның ішінде криптовалюта арқылы жөнелтілген.

Қылмыстық схеманы ұйымдастырды деген күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен төрт автокөлік пен 103 млн теңге қолма-қол ақшаға тыйым салынды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеудің өзге деректері жария етілмейді.

Сайт Әкімшілігі