Қазақстанда интернетті бұғаттау жүйесі кеңейді: Ресейдегідей бақылау орнай ма?
15 қарашадан бастап Қазақстанда интернет-трафикті орталықтандырылған басқарудың жаңа қағидалары күшіне енді.
Енді мемлекеттік жүйенің арнайы тораптары арқылы өтетін трафикке қатысты талаптар ұялы байланыс операторларына, хостинг-провайдерлерге және онлайн-платформалардағы контенттің көшірмелері сақталатын серверлерге де қолданылады. Бұл жүйе байланыс пен интернет-ресурстарға қолжетімділікті шектеу туралы нұсқамаларды орындау үшін пайдаланылады.
Жаңа қағидаларды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы 2026 жылғы 30 қазандағы бұйрығымен бекіткен. Ал шектеулерді техникалық тұрғыдан орындауға "Мемлекеттік техникалық қызмет" АҚ (МТҚ) жауап береді.
Қағидалардың 21-тармағына сәйкес, МТҚ ұлттық қауіпсіздік органдарынан немесе бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органнан тиісті нұсқама алады. Одан кейін шектелетін желілер мен ресурстардың тізімін жасап, жүйеге қажетті баптаулар енгізеді және олардың орындалуын тексереді.
Бұл сайттар мен оқырмандар үшін нені білдіреді?
"Байланыс туралы" заң интернет-ресурстарға ғана емес, олардың ішінде жарияланған жекелеген ақпаратқа да қолжетімділікті шектеуге мүмкіндік береді.
Алайда жаңа қағидалар бір материалды бұғаттап, сайттың қалған беттерін қолжетімді күйде қалдыруға бола ма деген сұраққа нақты жауап бермейді. Жабдыққа қойылатын техникалық талаптар "Қызметтік пайдалану үшін" деген белгімен берілген қосымшада көрсетілген.
Сондықтан 15 қарашадан бастап Қазақстанда жекелеген жарияланымдарды нысаналы түрде бұғаттау мүмкіндігі алғаш рет пайда болды деу дұрыс емес. Жаңа бұйрық бұрыннан бар шектеу тетіктерін орындау тәртібін кеңейтеді.
Енді талаптар хостинг-провайдерлердің инфрақұрылымында орналасқан сайттар мен кэш-серверлерге де тікелей қатысты. Мұндай серверлер онлайн-платформалардағы контенттің көшірмелерін пайдаланушыға жақын жерде сақтап, парақшалардың жылдам жүктелуіне мүмкіндік береді. Енді олардың трафигі де орталықтандырылған басқару жүйесінің тораптары арқылы өтуі керек.
Қандай жағдайда интернетке шектеу қойылуы мүмкін?
Заң желілер мен байланыс қызметтерінің жұмысын уақытша тоқтатуға, сондай-ақ сайттар мен ондағы ақпаратқа қолжетімділікті шектеуге рұқсат береді.
Мұндай шараларға негіз болатын жағдайлар:
Қылмыстық әрекеттер;
Терроризм мен экстремизмге шақыру;
Сайлау туралы заңнаманы бұзу;
Белгіленген тәртіпті бұза отырып өткізілетін жаппай іс-шараларға қатысуға шақыру.
Шұғыл жағдайда ҰҚК басшылары байланыс пен интернет-ресурстарға қолжетімділікті уақытша тоқтата алады. Бұл туралы уәкілетті органдар мен прокуратураға 24 сағат ішінде хабарлауы керек.
Ресейдегі жүйеге ұқсай ма?
Ұйымдастыру жағынан осыған ұқсас жүйе Ресейде де бар. Онда байланыс операторларының желілеріне орнатылған ТСПУ жабдықтары интернет-трафикті орталықтан басқарып, шектеуге мүмкіндік береді.
Human Rights Watch ұйымы бұл жабдықтардың сайттарды бұғаттау, VPN қызметтеріне қолжетімділікті шектеу және онлайн-платформалардың жұмысын баяулату үшін пайдаланылғанын құжаттаған. Алайда бұл ұқсастық Қазақстандағы жүйенің де дәл осындай техникалық мүмкіндіктері бар дегенді білдірмейді.
Айта кетейік, Қазақстанда интернет-ресурстарды бұғаттау жаңа қағидалар қабылданғанға дейін де болған. OONI және серіктес ұйымдардың 2023 жылғы маусым мен 2024 жылғы маусым аралығындағы зерттеуіне сәйкес, осы кезеңде елде 17 жаңалық сайты, шектеулерді айналып өтуге арналған 73 сайт және бірқатар құқық қорғау ұйымдарының ресурстары бұғатталған.