Оқиғалар

Қазақстанда көші-қон ережелерін бұзған 15,8 мыңнан астам дерек анықталды

Қазақстанда 5-16 қазан аралығында өткен "Нелегал" жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде көші-қон заңнамасын бұзудың 15,8 мыңнан астам дерегі тіркелді, деп хабарлады Polisia.kz.

Фото: полиция

Тексеру барысында елде болу тәртібін сақтамаған 7 595 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Еңбек қызметін заңсыз атқарғаны үшін 3 899 шетелдікке қатысты шаралар қабылданды. Ал тиісті рұқсатсыз шетелдік жұмыс күшін пайдаланған 815 жұмыс беруші жауапқа тартылды. Шетелдіктердің елде жүргені туралы ішкі істер органдарына уақытылы хабарламаған 3 533 жеке және заңды тұлға да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Соттар көші-қон заңнамасын бұзған адамдарды елден шығару туралы 2 243 шешім шығарды. Бұдан бөлек, 2 479 шетел азаматының Қазақстанда болу мерзімі қысқартылды. Мәжбүрлі түрде елден 236 адам шығарылып, олардың барлығына Қазақстанға бес жыл бойы кіруге тыйым салынды.

Операция кезінде мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен 14 шетел азаматы анықталды. Сондай-ақ іздеуде жүрген және өз елдерінің құқық қорғау органдарынан Қазақстан аумағында жасырынып жүрген 62 адам ұсталды.

Тексеріс аясында заңсыз көші-қонды ұйымдастыру және шетелдік жұмыс күшін рұқсатсыз пайдалану деректері де анықталды. Алматы облысында шетелдіктерге тұрғын үй беріп, олардың елде заңсыз жүруіне көмектесті деген күдікпен Қазақстан азаматы ұсталды. Осыған ұқсас жағдайлар Жамбыл және Павлодар облыстарында да тіркелді.

Шымкенттегі құрылыс нысандарының бірінде тиісті рұқсатсыз жұмыс істеген 40-қа жуық шетелдік анықталды. Заңсыз еңбек күшін пайдалану деректері Алматы қаласында және бірқатар облыста да тіркелген. Сонымен қатар шетелдік жұмысшыларды тарту тәртібін бір жыл ішінде екі немесе одан да көп рет бұзған 10 жұмыс берушіге қатысты тергеп-тексеру басталды.

Полиция қоғамдық тәртіпті бірнеше рет бұзған шетел азаматтарын елден шығару туралы соттарға 31 өтінішхат жолдады. Егер сот тиісті шешім қабылдаса, бұл адамдарға Қазақстанға бес жыл мерзімге кіруге тыйым салынады.

 

Сайт Әкімшілігі