Қазақстанда мәслихат сайлауына үгіт-насихат басталды
Қазақстанда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына үгіт-насихат науқаны басталды.
Қазақстанда 29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына үгіт-насихат науқаны басталды. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, ел бойынша 10 971 кандидат тіркелген.
2 қарашада Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, кандидаттарды тіркеу қорытындылары, сайлау алдындағы үгіт жүргізу тәртібі және дауыс беру бюллетеньдеріне қатысты мәселелер қаралды.
ОСК мүшесі Азамат Айманакумовтың мәліметінше, еліміздің 20 өңіріндегі түрлі деңгейдегі мәслихаттарға саяси партиялар 1 219 кандидат енгізілген 99 партиялық тізім ұсынған. Бұл тізімдердегі әйелдер мен жастардың жиынтық үлесі 43,2 пайызды құрайды.
Сонымен қатар 3 113 бірмандатты сайлау округі бойынша 9 752 кандидат тіркелген. Бір депутаттық орынға орта есеппен үш адамнан үміткер.
Үгіт-насихат қашан аяқталады?
Сайлау алдындағы үгіт 1 қараша күні сағат 18:00–ден кейін басталып, 28 қараша күні сағат 00:00–де аяқталады.
28 қараша – тыныштық күні. Бұл күні және дауыс беру өтетін 29 қарашада сайлау алдындағы үгіт жүргізуге тыйым салынады.
Сондай-ақ дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фотоға немесе видеоға түсіруге және оны таратуға болмайды.
Сайлауға бес күн қалғанда және дауыс беру күні бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларда қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін, сайлау қорытындыларына қатысты болжамдарды жариялауға тыйым салынады.
Сайлауға жеті партия қатысады
Орталық сайлау комиссиясында өткен жеребе қорытындысы бойынша саяси партиялардың атаулары сайлау бюллетеніне мынадай ретпен енгізіледі:
- "Ауыл" партиясы;
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партия;
- Қазақстанның Халық партиясы;
- "Respublica" партиясы;
- "Ақ жол" Қазақстанның демократиялық партиясы;
- Қазақстанның "Байтақ" жасылдар партиясы;
- "Әділет" партиясы.
Мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 29 қарашада өтеді.