Оқиғалар

Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн қолжетімді: Президент тапсырмасы қалай орындалып жатыр?

Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу жұмыстары жалғасуда.

Фото ашық дереккөз

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру жөніндегі тапсырмасы аясында Үкімет бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр. Қазір мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматта қолжетімді, ал жасанды интеллект ассистенттері 2 миллионнан астам рет қолданылған.

Мемлекет басшысы "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу" атты Жолдауында цифрлық инфрақұрылымды дамыту, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және жаңа технологияларды экономикаға енгізу міндеттерін айқындаған болатын.

Осы тапсырмаларды орындау аясында 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Үкіметтің мәліметінше, Қазақстан электрондық үкіметтің әлемдік рейтингінде 24-орында тұр.

eGov GPT мемлекеттік қызмет көрсетуді жеңілдетеді

Елімізде электрондық үкіметтің жаңа кезеңі – eGov 3.0 жүйесі дамытылып жатыр. Оның аясында жасанды интеллектке негізделген eGov GPT сервисі енгізілуде.

Қазіргі уақытта бұл жүйе азаматтар жиі пайдаланатын 51 мемлекеттік қызметті қамтиды. Оларға азаматтардың өтініштерінің шамамен 30 пайызы тиесілі. Жыл соңына дейін аталған көрсеткішті 70 пайызға жеткізу жоспарланған.

Сонымен қатар мемлекеттік ақпараттық жүйелер QazTech бірыңғай технологиялық платформасына көшірілуде. 2026 жылы 39 жүйені жаңа платформаға ауыстыру көзделген. Оның 10-ы қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр.

Жасанды интеллект ассистенттері 2 миллионнан астам рет пайдаланылған. Ал әзірленіп жатқан ЖИ-агенттердің саны 50-ден асады.

Астана жасанды интеллект жобаларының орталығына айналуда

Цифрлық технологияларды дамытуда елорданың да орны ерекше. Астанадағы Astana Hub халықаралық технопаркі бүгінде 2500-ден астам компанияны біріктіреді.

2026 жылдың алғашқы тоқсанында технопарк қатысушыларының табысы 907 млн долларға жеткен. Ал Қазақстан бойынша IT-қызметтер экспорты 241,2 млн долларды құрады.

Халықаралық хабтар арқылы 100-ден астам қазақстандық стартап шетел нарығына шыққан.

Елордадағы Alem.ai орталығында жасанды интеллект саласына мамандар даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу және технологиялық кәсіпкерлікті дамыту бағыттары біріктірілген. Орталықта TUMO Astana, Tomorrow School және ai"preneurs жобалары жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар Астанада Smart City жүйесі аясында жол қозғалысы ережелерін бұзудың жаңа түрлерін автоматты түрде анықтайтын бейнеаналитика сынақтан өткізіліп жатыр.

Астана, Алматы және Қосшы қалаларында ұшқышсыз таксилерді пилоттық режимде іске қосуға дайындық жүргізілуде.

200 мың мұғалім жасанды интеллект жүйесіне қол жеткізді

Президент тапсырмалары аясында білім беру саласын цифрландыруға да назар аударылып отыр.

Үкіметтің мәліметінше, Қазақстандағы 200 мың мұғалім оқу процесінде пайдалану үшін ChatGPT Edu жүйесіне қол жеткізген.

Мемлекеттік қызметкерлердің цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында да оқыту бағдарламалары ұйымдастырылды. Атап айтқанда, 15 мыңға жуық қызметкер Ұлттық жасанды интеллект платформасымен жұмыс істеуді меңгерсе, тағы 57 мың адам AI Qyzmet бағдарламасы бойынша білім алған.

Әкімдіктердің 24 мыңнан астам қызметкері онлайн оқытудан өтті.

2029 жылға дейін қандай өзгерістер жоспарланған?

Үкімет 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын жүзеге асыруда. Құжат өнеркәсіп, көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы және мемлекеттік басқару салаларын цифрлық технологиялар арқылы жаңғыртуды көздейді.

Жоспарға сәйкес, 2029 жылға қарай мемлекеттік қызметтердің кемінде 40 пайызы жасанды интеллект пен автоматтандыру арқылы жаңғыртылуы тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау шараларын алу уақытын кемінде екі есе қысқарту көзделген.

IT саласында экспорт көлемін кемінде екі есеге арттыру, 20 мыңға жуық жоғары технологиялық жұмыс орнын ашу және кемінде үш отандық технологиялық компанияны халықаралық деңгейге шығару міндеті қойылған.

Бұдан бөлек, алдағы екі жылда 3 мыңнан астам ауылды жоғары жылдамдықты интернетпен қамту жоспарланып отыр.

Осылайша, Президенттің цифрландыру жөніндегі тапсырмалары мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшірумен шектелмей, жасанды интеллектіні білім беру, экономика және қалалық инфрақұрылымға енгізуді де қамтиды. Үкімет бұл өзгерістер азаматтарға қызмет көрсетуді жеңілдетіп, елдің технологиялық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді деп есептейді.

Сайт Әкімшілігі