Оқиғалар

Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 9,3 пайызға өсті

Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі биылғы он айда 9,3 пайызға артып, салаға тартылған инвестиция көлемі 3 трлн теңгеге жеткен.

Фото: ашық дереккөз

Құрылтайда өткен талқылауда отандық өндірісті ынталандыру, шикізатты терең өңдеу және кәсіпорындарды тұрақты тапсырыспен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Ресми мәліметке сәйкес, химия өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 22 пайызға, жеңіл өнеркәсіпте 60 пайызға өскен. Аталған салалардың дамуы ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге және импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта металлургия саласында дайын өнім шығару көлемін арттыруға ерекше көңіл бөлінбек. Атап айтқанда, 2029 жылға дейін мыс, алюминий және мырыш өңдеу көлемін екі есеге ұлғайту жоспарланған.

Өңдеу өнеркәсібін дамытудың маңызды тетіктерінің бірі – кәсіпорындарды ұзақ мерзімді тапсырыстармен қамтамасыз ету. Мұндай тәсіл өндірушілерге өз жұмысын алдын ала жоспарлауға, өндірістік қуатын кеңейтуге және жаңа технологияларды енгізуге жағдай жасайды.

Сонымен қатар отандық кәсіпорындардың мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігін кеңейту де ішкі өндірісті қолдаудың маңызды құралы саналады.

Өңдеу секторын дамытудағы негізгі міндет – шикізатты экспорттаумен шектелмей, қосылған құны жоғары өнім өндіру. Мәселен, металды бастапқы күйінде шетелге сатудың орнына одан құрылыс материалдарын, машина жасауға қажетті бөлшектер мен басқа да дайын өнімдер шығару ел экономикасына қосымша табыс әкеледі.

Өңдеу өнеркәсібінің тұрақты дамуы экономиканы әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және отандық кәсіпорындардың халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етпек.

Сайт Әкімшілігі