Әлеумет

Қазақстанда парақорды әшкерелеген азаматтарға 17,3 млн теңгеге дейін сыйақы беріледі

Қазақстанда сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтар 17,3 млн теңгеге дейін ақшалай сыйақы ала алады.

Фото: ашық дереккөз

Төлем көлемі құқық бұзушылықтың ауырлығына, пара сомасына немесе мемлекетке келтірілген залал мөлшеріне байланысты. Бұл туралы ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі түсіндірді.

Қолданыстағы тәртіп бойынша хабар берушілерге мынадай мөлшерде сыйақы қарастырылған:

• Әкімшілік құқық бұзушылық үшін – 129 750 теңге;

• Онша ауыр емес қылмыс үшін – 173 000 теңге;

• Ауырлығы орташа қылмыс үшін – 216 250 теңге;

• Ауыр қылмыс үшін – 302 750 теңге;

• Аса ауыр қылмыс үшін – 432 500 теңге.

Ал пара сомасы немесе мемлекетке келтірілген залал 4 млн 325 мың теңгеден асқан жағдайда, азаматқа оның 10%-ы көлемінде сыйақы берілуі мүмкін. Дегенмен, төлемнің ең жоғары шегі – 17,3 млн теңге.

Мысалы, азамат 50 млн теңге көлемінде пара алу фактісі туралы хабарлап, бұл дерек сотта дәлелденсе, оған 5 млн теңге төленуі мүмкін.

ҰҚК мәліметінше, 2025 жылы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған 61 азаматқа жалпы сомасы 24,2 млн теңге сыйақы берілген.

Сыйақыны қалай алуға болады?

Алдымен азамат сыбайлас жемқорлық фактісі туралы уәкілетті органға хабарлауы керек. Қылмыстық іс бойынша сот үкімі немесе қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін ғана сыйақы алуға өтініш бере алады. Ол үшін жеке куәлігі мен теңгемен ашылған банк шоты туралы анықтамасын ұсынуы қажет.

Арнайы комиссия өтінішті 15 жұмыс күні ішінде қарайды. Сыйақы тағайындау туралы бұйрық шыққаннан кейін ақша бір ай ішінде азаматтың банк шотына аударылады.

Алайда мұндай сыйақы барлығына бірдей берілмейді. Жалған ақпарат таратқандарға, қылмысқа қатысқан адамдарға, құқық қорғау органдарымен құпия негізде жұмыс істейтін азаматтарға және сыбайлас жемқорлық туралы хабарлау қызметтік міндетіне кіретін мемлекеттік қызметшілерге төлем жасалмайды.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: жемқорлық