Қоғам

Қазақстанда тұмауға қарсы тегін екпе салу науқаны басталды

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда маусымдық тұмауға қарсы халықты тегін вакцинациялау науқаны басталды. Биыл осы мақсатқа 2,1 млн доза вакцина сатып алынған.

Ведомствоның мәліметінше, оның алғашқы 564 мың дозасы елге жеткізіліп, өңірлерге кезең-кезеңімен жөнелтіле бастаған. Қазір вакцина Алматы, Түркістан және Жетісу облыстарына, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларына жеткізілді. Қалған өңірлерге вакцина 5 қазанға дейін жеткізіледі деп жоспарланған.

Вакцина медициналық ұйымдарға түскен өңірлерде тұрғындарды иммундау басталып кетті.

Тегін вакцинация үшін Ресейде өндірілген "Гриппол" вакцинасы сатып алынған. Министрліктің мәліметінше, оның штаммдық құрамы алдағы эпидемиялық маусымға арналған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес келеді.

Ең алдымен тұмауға және оның асқынуына бейім азаматтар тегін вакцина алады. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұрған балалар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері мен қызмет алушылары, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша инфекция жұқтыру қаупі жоғары адамдар бар.

Өңірлерге вакцинацияны уақытылы бастап, нысаналы топтарға оның қолжетімділігін қамтамасыз ету тапсырылды.

Денсаулық сақтау министрлігі тұмауға қарсы екпе алу үшін қазан айы қолайлы кезең екенін атап өтті. Вакцина салынғаннан кейін ағзада иммундық қорғаныс қалыптасуына уақыт қажет. Екпе тұмаумен ауыру қаупін, әсіресе аурудың ауыр өтуі мен асқынуын төмендетуге көмектеседі.

Нысаналы топқа кіретін азаматтарға вакцинация мәселесін нақтылау үшін тіркелген жері бойынша медициналық ұйымдарға жүгінуі керек.

Сайт Әкімшілігі