Қазақстанда "Яндекстің" бес компаниясы жеке деректерді қорғау талаптары бойынша тексеріледі
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Жаслан Мәди депутат Ләззат Жылқыбаеваның сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Қазақстанда жұмыс істейтін "Яндекс" компаниялар тобының бес заңды тұлғасына жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.
Тексеруге "Яндекс Қазақстан", "Yandex Basty", "Яндекс. Такси Корп", "Яндекс. Еда Казахстан" және "Яндекс. LLP" компаниялары ілінеді.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі компаниялардың қазақстандықтардың жеке деректерін қалай жинайтынын, өңдеп, сақтайтынын тексермек. Әсіресе ақпаратты Қазақстан аумағында сақтау және оны техникалық тұрғыдан қорғау талаптарының орындалуына назар аударылады.
Тексеру қорытындысы бойынша министрлік заң талаптарының сақталуына баға береді. Егер заңбұзушылық анықталса, жауапты тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады. Тексеру нәтижелері көпшілікке жарияланбақ.
Депутаттық сауалға берілген жауапта білім беру ұйымдарындағы дербес деректердің ірі көлемде таралу деректері де келтірілген. Семейде 3 752 қызметкер мен 344 кәмелетке толмаған баланың мәліметі ашық қолжетімді болған. Ал Қызылорда облысында білім беру ұйымдарының 529 қызметкеріне қатысты ақпарат тараған. Прокуратура араласқаннан кейін мәліметтер өшіріліп, кінәлілер жауапқа тартылған.
Сонымен қатар билік жеке деректерді қорғау жүйесін жетілдіріп жатыр. Атап айтқанда, 100 мыңнан астам адамның дерегін өңдейтін операторларға міндетті биометриялық сәйкестендіру талабы енгізілген.
Жеке деректерінің заңсыз жиналғанын немесе таратылғанын байқаған азаматтар салалық министрлікке не сотқа жүгіне алады.