Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорында 8,5 млрд теңге игерілмей жатыр
"Әділет" партиясының Құрылтайдағы депутаттары Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорының жұмысын қайта қарауды ұсынып отыр.
Олар Бас прокурор Берік Асыловқа, Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және Қаржы министрі Мәди Такиевке депутаттық сауал жолдады.
Аталған қор 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Ол жыныстық қылмыстардан зардап шеккен кәмелетке толмағандарға, АИТВ жұқтырғандарға, азаптаудан зардап шеккендерге, денсаулығына ауыр зиян келген адамдарға және қылмыс салдарынан қаза тапқандардың жақын туыстарына біржолғы қаржылай көмек көрсетеді.
Депутаттардың мәліметінше, 2018 жылғы шілдеден 2026 жылғы шілдеге дейін қорға 9 млрд 347 млн теңгеден астам қаражат түскен. Алайда осы сегіз жылда шамамен 5,5 мың адамға 855 млн теңгеден сәл асатын өтемақы ғана төленген. Қор шотында әлі де 8,5 млрд теңгеге жуық қаражат бар.
Халық қалаулылары өтемақы алуға құқығы бар азаматтардың бәрі бірдей бұл мүмкіндік туралы біле бермеуі немесе рәсімдеу тәртібінің күрделілігіне байланысты өтініш бермеуі мүмкін екенін айтады. Сондықтан қор қаражатының аз бөлігі ғана төленуінің себептерін анықтап, өтемақы алу тәртібінің қолжетімділігін тексеру қажет деп санайды.
Сондай-ақ депутаттар төлем мөлшерін арттыруды немесе көмек алушылар санатын кеңейтуді ұсынды. Қазір біржолғы өтемақы көлемі 30-50 айлық есептік көрсеткіш аралығында белгіленген және қор құрылғаннан бері өзгермеген. Бұған қоса, төлем тағайындау рәсімі толық цифрланбағандықтан, кей жағдайда қаражатты алу төрт айға дейін созылатыны айтылды.
Тағы бір мәселе – жәбірленушілерге төленген ақшаны сотталғандардан және заң бойынша өтеуге міндетті өзге тұлғалардан кері өндіріп алу деңгейінің төмендігі. Депутаттар бұл тетіктің неге тиімсіз жұмыс істеп отырғанын талдап, оны жетілдіру қажет деп есептейді.
Осыған байланысты олар қор жұмысына кешенді талдау жүргізуді, өтемақы тағайындау мен төлеу тәртібін жеделдетіп, толық автоматтандыруды ұсынды. Сондай-ақ Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті базасында бірыңғай цифрлық платформа құру мүмкіндігін қарастыруды сұрады.