Әлеумет

Қазақстанда жылыту маусымының мерзімі өзгеруі мүмкін

Қазақстанда климаттың жылынуына байланысты жылыту маусымының басталу және аяқталу мерзімін қайта қарау қажеттігі туындауы мүмкін.

iStock

Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, кей күндері тұрғын үйлердегі температура тым жоғарылап, адамдар терезені ашуға мәжбүр болады. Мұндай жағдайда ғимараттарды жылытудың орнына сыртқы ауаны жылытуға энергия жұмсалады.

"Кейде, былайша айтқанда, ауаны жылытып жатамыз. Пәтерлердің іші ысып кетеді де, адамдар терезені ашып қояды. Сөйтіп, біз үй-жайды емес, атмосфераны жылытып жатқандай боламыз", – деді министр.

Оның сөзінше, энергетиктер жылу беруді сыртқы ауа температурасына қарай реттеп отырады. Ал климаттың өзгеруі жалғаса берсе, жылыту маусымының мерзімін де осы жағдайға бейімдеу қажет болуы ықтимал.

Министр мысал ретінде Астанадағы ауа райын атады. Қараша айының ортасы жақындағанымен, елордада әлі қар жамылғысы жоқ. Оның айтуынша, биыл ауа температурасы кей кездері минус 5 градусқа дейін төмендеген. Ал осы кезеңде әдетте минус 10–15 градус аяз болады деп күтіледі.

Климаттың жылынуы ауыл шаруашылығына да әсер еткен. Министрдің мәліметінше, биыл жауын-шашын аз болғандықтан, диқандарға астықты кептіру үшін бұрынғы жылдармен салыстырғанда дизель отыны әлдеқайда аз қажет болған.

Сайт Әкімшілігі