Экономика

Қазақстандағы ауруханалар мен емханаларға 9 айда 1,9 трлн теңгеден астам қаржы бөлінді

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстандағы ауруханалар мен емханаларға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 1 трлн 933 млрд теңге аударылды.

Фото: ашық дереккөз

Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеді.

Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда берген тапсырмаларына сәйкес денсаулық сақтау саласын жаңғырту шараларын жүзеге асырып жатыр.

Биыл ақпанда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қаржы министрлігінің қарамағына берілгеннен кейін Qalqan атты жаңа ақпараттық жүйе әзірленді. Ол қор мен қазынашылықтың төлем процестерін біріктіреді.

Мәди Тәкиевтің айтуынша, қазір барлық төлем осы жүйе арқылы жүргізіледі. Qalqan қазынашылықпен де, қордың өзімен де интеграцияланған.

Министр жаңа жүйенің енгізілуі пациенттерге медициналық қызмет көрсету тәртібін өзгертпеуге тиіс екенін атап өтті. Негізгі мақсат – медициналық көмекті күту уақытын қысқартып, азаматтардың қызметті уақтылы алуына мүмкіндік жасау және оларды қосымша шығынға ұшыратпау.

Сонымен қатар медициналық ұйымдардың қаржылық тұрақтылығын қалпына келтіру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.

Сайт Әкімшілігі