Әлеумет

Қазақстандық қор Ресейдегі "Самолёт" компаниясының үлесін Трамптың ұлының досына сатты

Қазақстандық Fonte Inceptia Alpha Fund OEIC Limited инвестициялық қоры Ресейдегі ірі құрылыс компанияларының бірі – "Самолёттағы" үлесін толық сатты.

Фото JasAlash

 Forbes Russia дереккөздерінің мәліметінше, акцияларды АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлына жақын ресейлік кәсіпкер Умар Кремлёвке қатысы бар құрылымдар сатып алған болуы мүмкін. 

Fonte Capital Ltd басқаратын қазақстандық қор 30 шілдеде "Самолёт" компаниясының 18 пайыз акциясын сатып алған. Алайда қыркүйек айының соңында қор өз үлесін біртіндеп қысқарта бастаған. Алдымен акциялар пакеті 15 пайызға, кейін 10 және 5 пайызға дейін азайтылған. Қазан айында қор компания капиталынан толық шыққан.

Forbes Russia мәліметінше, акцияларды сатып алған тарап Умар Кремлёвке қатысы бар компаниялар болуы мүмкін. Дегенмен мәміленің нақты сатып алушысы ресми түрде жарияланған жоқ. Ал кәсіпкердің өкілдері "Самолёт" компаниясына қызығушылық танытқанын жоққа шығарған.

Умар Кремлёв – ресейлік кәсіпкер, Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) президенті. Ол АҚШ президентінің ұлы Дональд Трамп-кішімен жақын қарым-қатынаста екені туралы ақпараттармен де танымал.

Қазақстандық қордың ресейлік компаниядан шығуы Еуропалық одақтың "Самолётқа" санкция енгізуімен тұспа-тұс келген. ЕО бұл компанияға Владивостоктағы құрылыс нысандарында Солтүстік Корея жұмысшыларын пайдалануға байланысты шектеулер енгізген.

Fonte Capital Ltd өкілдері акцияларды сату мәмілесі санкциялар күшіне енгенге дейін толық аяқталғанын растаған.

"Самолёт" – Ресейдегі құрылыс көлемі бойынша ірі девелоперлердің бірі. Соңғы уақытта компания қаржылық қиындықтарға тап болған. 2026 жылдың басында оның басшылығы Ресей үкіметінен 50 миллиард рубль көлемінде мемлекеттік қолдау сұраған.

Қазақстандық қордың акцияларды нақты қаншаға сатқаны және мәміледен қанша пайда немесе шығын көргені жарияланған жоқ.

Сайт Әкімшілігі