Без Категории

Қазақстандықтар Гонконгты қолдау халықаралық акциясына қосылды

Алматыда Жібек жолы көшесінің бойында "Қытай экспансиясына" қарсы наразылық өтіп жатыр деп хабарлады Vlast.kz сайты.

Jasalash.kz

Оған елуге жуық адам қатысып жатыр.

Наразылыққа шыққандар кеуделеріне сары лента байлаған. Наразылардың бірі оны "Қытай экспансиясына қарсылық символы" деп түсіндірді.

Жиналғандар "Қытайға жол жоқ!", "Алға, Қазақстан!" деп айқайлап, плакаттар жайған. Қытай тауарларына бойкот жариялауға шақырған. Бұған қоса, саяси тұтқындарды босатуға шақырған.

Eurasianet.org тілшісі Джоанна Лиллистің жазуынша, наразылар Қытайдың Шыңжаңдағы аз ұлттарға жасап отырған қысымына қарсылық білдіріп, "қайта саяси тәрбиелеу лагерьлерінде" отырған тұтқындарды босатуды талап еткен.

Өзін әкімдік өкілі ретінде таныстырған адам жиналғандарға "жиын өткізу үшін рұқсат сұрау қажеттігін" айтып ескерткен. Бірақ жиналғандар тараудан бас тартқан.

Бұған дейін тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы тұрғындарды "Қытай экспансиясына" қарсылық танытқан Гонконг тұрғындарының халықаралық акциясын қолдап, наразылыққа шығуға шақырған. Twitter-де алматылық акция туралы ақпарат таратқан қолданушылар Қытайға қарсы халықаралық акция хэштегін қолданып жатыр. Бұған дейін халықаралық акцияға Алматы мен Нұр-Сұлтан тұрғындары қосылатыны хабарланған.

Қазір Нұр-Сұлтанда да осыған ұқсас акцияның өтіп жатқаны хабарланды.

2-3 қыркүйекте Жаңаөзенде жүзден астам азамат Қазақстанда "Қытайдың 55 зауытын салуға" қарсылық білдіріп, кейіннен мұндай акциялар басқа қалаларда да өтті. Наразы азаматтар биліктен Қытай жобаларынан бас тартуды, көрші елден несие алмауды, онымен қарым-қатынасты шектеуді талап еткен.

Ал ресми Нұр-Сұлтан "Қытаймен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобалар арқасында елде мыңдаған жұмыс орындары ашылып, түрлі саланың дамып жатқанын" алға тартқан.

"Қытай экспансиясына қарсы" наразылыққа қатысқан азаматтарды полиция 16 қыркүйектен бастап ұстап, кейбірін әкімшілік жазаға тартты, кейбіріне ескерту жасап босатты.

Бір апта бұрын 21 қыркүйекте полиция елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы белгілеген "митингі орындарында" ресми дерек бойынша шамамен 100 адамды ұстады. Ол кезде азаматтар көпке талаптарын айтып үлгермеді. "Рұқсат етілмеген митингіге қатысқан" адамдардың көбі бірнеше сағаттан соң босатылды. Оннан астам адам әкімшілік жазаға тартылды.

Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстандағы соңғы ұстаулар мен қамауларды сынап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевты саяси реформа жасауға шақырды.

Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега