Әлеумет

Қазақстандықтар табысының 42%-ға жуығын азық-түлікке жұмсайды

Қазақстандықтар тұтынушылық шығындарының 41,7%-ын азық-түлікке жұмсайды. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азияда Өзбекстан мен Түрікменстаннан кейін тұр.

Фото: из открытых источников

Visual Capitalist АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2025 жылғы деректеріне сүйеніп, әлем елдеріндегі халықтың азық-түлікке жұмсайтын шығынын салыстырған.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, Қазақстанда тұтынушылық шығындардың 41,7%-ы тамақ өнімдерін сатып алуға кетеді. Ал Өзбекстанда бұл үлес 44,8%, Түрікменстанда 46,3% болған.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда 2026 жылғы қыркүйекте азық-түлік тауарларының бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,5%-ға өскен. Ал елдегі жалпы инфляция 9,3% болған.

Әлем бойынша азық-түлікке ең көп шығын жұмсайтын елдердің қатарында Нигерия, Мьянма және Лаос бар. Нигерияда халық тұтынушылық шығындарының 56,2%-ын, Мьянмада 54,8%-ын, ал Лаоста 54%-ын азық-түлікке жұмсайды. Керісінше, АҚШ-та бұл көрсеткіш 6,4%, Сингапурда 6,7%, Ұлыбританияда шамамен 8% деңгейінде.

Мамандардың айтуынша, азық-түлікке жұмсалатын шығынның үлесі тек тауар бағасына ғана емес, халықтың табысы мен тұтыну құрылымына да байланысты. Яғни табыстың едәуір бөлігін тамаққа жұмсау халықтың басқа қажеттіліктеріне қалатын қаражаттың азаюына әсер етуі мүмкін.

Сайт Әкімшілігі