Қоғам

Қазақстандықтардың жеке деректері даркнетте сатылғаны тексеріліп жатыр

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Фото: ашық дереккөз

Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі даркнетте қазақстандықтардың Жоғарғы сотқа тиесілі деректері сатылып жатқаны туралы ақпаратты тексеріп жатыр. 

Министрдің айтуынша, аталған жағдайға байланысты арнайы тексеру басталған. Оған министрліктің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қатысып жатыр. Тексеру барысында жарияланған мәліметтердің мазмұны, қажет болған жағдайда файлдардың өзі зерттеледі. Сондай-ақ мемлекеттік органда қандай да бір рәсімдік заңбұзушылықтарға жол берілгені анықталып, тиісті шаралар қабылданады.

Мәдиев жеке деректерді қорғау талаптары бұзылған жағдайда әкімшілік айыппұл салынатынын атап өтті. Бұл ретте жауапкершілік мемлекеттік органның бірінші басшысы мен ұйымға жүктеледі.

Оның сөзінше, даркнетте қазақстандықтардың жеке деректеріне иелік ететіні туралы мәлімдемелер ара-тұра жарияланып тұрады. Алайда мұндай ақпараттың ішінде көбіне қатысы жоқ файлдар, қазақстандықтарға тиесілі емес фотосуреттер мен басқа да қажетсіз мәліметтер кездеседі.

Сайт Әкімшілігі