Сараптама

Қазақстанға Голливуд кеш келеді

Кино өнері әлемдік аудиторияны біріктіретін ірі индустрияға айналғалы қашан.

Фото: ашық дереккөз

Әсіресе Голливудтың танымал киностудиялары түсірген туындылардың жарыққа шығуы халықаралық деңгейдегі мәдени оқиға саналады. Миллиондаған көрермен асыға күтетін фильмдердің премьерасы бір мезгілде ондаған мемлекетте ұйымдастырылып, әлемдік кинопрокаттың ортақ күнтізбесін қалыптастырады.

Қазақстан да соңғы жылдары Голливудтың ірі жобаларын әлемдік премьерамен қатар көрсетуге мүмкіндік алғанымен, бұл үрдіс уақыт өте өзгере бастады. Әлемдік кинонарықта үлкен қызығушылық тудырған бірқатар фильм қазақстандық кинотеатрларға бірнеше апта, тіпті бір ай кешігіп жетіп жүр. Мәселен, әлемдік киноиндустриядағы ең ірі жобалардың бірі саналатын "Кек алушылар: Дум дәрігер" фильмінің премьерасы 2026 жылдың 18 желтоқсанына жоспарланған-ды. Алайда қазақстандық көрермендер көптен күткен туындыны әлемдік премьерамен қатар тамашалай алмайды. Еліміздегі кинотеатрларда фильм тек 2027 жылдың 7 қаңтарынан бастап көрсетілмек. Осылайша, Қазақстандағы премьера әлемдік көрсетілімнен 20 күнге кеш өтеді. Бір қызығы, бұл кейінгі уақытта байқалып отырған алғашқы жағдай емес. Бұған дейін де Голливудтың бірқатар ірі жобасы қазақстандық прокатқа өзге елдерден кеш шыққан-ды.

Мәселен, биыл "Өрмекші адам: Жаңа күн" фильмінің Қазақстандағы премьерасы әлемдік көрсетілімнен бір аптаға кейінге шегерілген еді. Сондай-ақ "Одиссея", "Миньондар мен құбыжықтар", "Әлем әміршілері" секілді танымал туындылардың да еліміздегі көрсетілімі біраз уақытқа кешіккен. Ал "Моана" фильмінің жаңа нұсқасы әлемдік премьерадан бір айдан астам уақыт өткен соң ғана қазақстандық кинотеатрларға жол тартты. Бұрын Голливудтың ірі туындыларын әлемдік премьерамен қатар тамашалауға үйренген көрермен үшін мұндай өзгерістердің себебі әлі де түсініксіз болып отыр. Негізінде, Қазақстанның халықаралық кинопрокаттағы орны кейінгі бірнеше жылда айтарлықтай өзгерген-ді. 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Disney, Warner Bros., Paramount, Sony және Universal секілді Голливудтың бес ірі киностудиясы Ресей нарығынан бас тартты. Бұған дейін аталған компаниялардың ТМД елдеріндегі фильмдерін тарату ісі көбіне ресейлік дистрибьюторлар арқылы жүзеге асатын. Ресей нарығынан кеткеннен кейін халықаралық киностудиялар Қазақстанмен тікелей жұмыс істеп, нәтижесінде еліміз Орталық Азиямен бірге Кавказдың бірқатар мемлекетіне голливудтық фильмдерді тарататын маңызды аймақтық орталықтардың біріне айналған-ды. Бұл өзгеріс отандық киноиндустрияға да оң ықпал етті. Шетелдік фильмдерді қазақ тіліне дубляждау ісі жанданып, "Аватар", "Ойжұмбақ", "Веном" секілді танымал туындылар қазақ тілінде жарық көрді. Халықаралық киностудиялар қазақстандық брендтермен және өнер өкілдерімен бірлескен жарнамалық жобаларды жүзеге асыра бастады. Ірі фильмдердің алдын ала көрсетілімдері ұйымдастырылып, отандық ақпарат құралдарының Голливуд өкілдерімен тікелей байланысы да кеңейді. Осылайша, Қазақстан халықаралық кинопрокат жүйесіндегі орнын біршама нығайтты. Алайда биылдан бастап қалыптасқан жағдай күрт өзгерді. Ең қызығы, Голливуд фильмдерінің Қазақстандағы премьерасы жиі кейінге шегерілгенімен, мұның нақты себебі ресми түрде түсіндірілген жоқ.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай шешім Ресейдегі заңсыз кинопрокатпен байланысты болуы әбден мүмкін. Өйткені халықаралық киностудиялар Ресей нарығынан кеткенімен, олардың фильмдері көрші елдегі кинотеатрларда бейресми жолмен көрсетіліп жүр. Атап айтқанда, кейбір кинотеатрлар голливудтық туындыларды қысқаметражды фильмдердің алдындағы қосымша көрсетілім ретінде ұсынады. Ал фильмдердің көшірмелері Ресейге қандай жолмен жеткізілетіні әлі белгісіз. Осыған байланысты Қазақстан мен көршілес аймақтағы өзге елдерде премьера мерзімін кейінге шегеру заңсыз көшірмелердің Ресей нарығына ерте таралуына тосқауыл қою амалы болуы мүмкін деген болжам бар. Дегенмен бұл әзірге расталмаған жорамал ғана. Халықаралық киностудиялар мен жергілікті дистрибьюторлар мұндай өзгерістердің себебін ресми түрде жариялаған жоқ. Қалай болғанда да, әлемдік премьералардан кеш қалу қазақстандық кинопрокат үшін қолайсыз жағдай туғызары анық. Бүгінде көрермен тарапынан әлеуметтік желіде наразылық сәт санап артып келе жатыр, әсіресе фильмдердің мазмұны, маңызды оқиғалары мен көрермен пікірлері әп-сәтте таралатын қазіргі кезеңде бірнеше апталық кідірістің өзі аудиторияның қызығушылығына әсер етері анық. Оның үстіне фильмнің сапалы заңсыз көшірмелері интернетке ерте тараған жағдайда кинотеатрларға келетін көрермен санының азаю қаупі тағы бар. Әзірге мұндай өзгерістердің уақытша сипатқа ие екені немесе халықаралық киностудиялардың аймақтық прокат саясатына түбегейлі өзгеріс енгізгені де белгісіз. Дегенмен бірқатар ірі фильмдердің кешіктірілуі Қазақстанның әлемдік кинопрокаттағы орны мен халықаралық киностудиялардың елімізге қатысты ұстанымы жөнінде сұрақ туғызып отыр. Ең бастысы, Голливуд туындыларының Қазақстанға кеш жетуінің нақты себебі анықталмайынша, бұл өзгерістердің алдағы уақытта қаншалықты жалғасатынын болжау қиын.

Сәруәр БАҚБЕРГЕН

Сайт Әкімшілігі