Қазақстаннан $500 млн өндіріп алмақ: Азамат Қапенов халықаралық арбитражға жүгінбек
Қазақстандық бұрынғы кәсіпкер Азамат Қапенов халықаралық инвестициялық арбитраж арқылы Қазақстаннан шамамен 500 млн доллар өндіріп алуға ниетті.
Оның адвокаты Жанна Александрова үкіметке дауды реттеу туралы ресми хабарлама жіберілгенін мәлімдеді.
Дау Қытаймен шекарадағы "Достық" және "Алтынкөл" станцияларындағы теміржол терминалдары мен жүк вагондары паркіне қатысты.
Қорғаушы тараптың мәліметінше, Қапенов 2017–2025 жылдары Eurotrans Grupp және Iron Box компаниялары арқылы көлік инфрақұрылымына шамамен 54 млн доллар инвестиция салған. 2026 жылғы сәуірде Астана соты Бас көлік прокуратурасының өтінішімен "Достық" станциясындағы құны 22 млрд теңгеге бағаланған терминалды мемлекет меншігіне өткізген.
Капенов бұрын "ҚазТемірТранс" АҚ вице-президенті болған. Құқық қорғау органдары оны 2013-2014 жылдары қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланып, үлестес компанияларға заңсыз артықшылық берді деп күдіктенеді.
Адвокат бұл айыптаулармен келіспейді. Оның сөзінше, іс қаржы жымқыруға емес, "ҚазТемірТранстың" 660 млн теңге көлеміндегі есептік жоғалтқан пайдасына қатысты. Қорғаушы 2016 жылы Антикоррупциялық қызмет бұл істі залалдың болмауына байланысты тоқтатқанын да мәлімдеді.
Сондай-ақ Қапенов өзінің халықаралық іздеуде жүргені туралы ақпаратты жоққа шығарады. Адвокат кәсіпкердің орналасқан жері құқық қорғау органдарына белгілі екенін айтады.
Қапеновтың қорғаушысы оның бұрынғы ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің отбасымен байланысы туралы ақпаратқа да түсініктеме берді. Оның айтуынша, Капенов 2018 жылдан бері ажырасқан және Мәсімовтің отбасымен байланыс жасамайды.
Қорғаушы тараптың мәлімдемелері әзірге Қазақстан билігінің ресми ұстанымын білдірмейді.