Қазақстаннан 56 автокөлікті заңсыз шығарып, шетелде сатқан топ ұсталды
Қазақстанда автокөліктерді заңсыз иемденіп, шетелге шығарып қайта сатқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды.
Күдіктілер банктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы жалған адамдардың атына көліктерді кепілге рәсімдеген.
Polisia.kz мәліметінше, қылмыстық топ мүшелері кейін бұл автокөліктерді Қазақстан аумағынан тыс жерлерге шығарып, қайта сатқан. Алдын ала дерек бойынша, осындай жолмен шетелге 56 көлік әкетілген.
Қылмыстық әрекетті тоқтату үшін Ішкі істер министрлігі еліміздің бірден 10 өңірінде жедел іс-шаралар жүргізді. Нәтижесінде полицияға 48 адам жеткізілді.
Олардың алтауы қылмыстық топты ұйымдастырды деген күдікке ілініп, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайы анықталып жатыр. Полиция шетелге шығарылған көліктерді іздестіру шараларын қолға алған.
Тергеу барысы ІІМ бақылауында.