Сараптама

Қазақстанның солтүстігінде орыстар қалай келді?

Ресей шовинистеріне ашық хат

Jasalash.kz

Бұл ашық хатты зейнеткер, балалар хирургі Алмас Көптілеу жазған екен. Оны әлеуметтік желідегі өз парақшасына Өскеменде шығатын тәуелсіз Flash.kz газетінің бас редакторыДенис Данилевскийдеген азамат шығарыпты. «Жас Алаш» бұл ашық хатты өз оқырманына ұсынғанды жөн деп тапты.

       Құрметсіз депутат мырзалар: В.Никонов, Е.Федоров және В.Жириновский! «Қазақта мемлекет болмаған, Қазақстанның солтүстік жерлері орыстыкі, ол жерлерді қайтару керек» деген шовинистік сөздеріңіз орысқа деген өшпенділік туғызып, ұлтаралық араздықты қоздырды. Бұл сендердің Ресейлеріңде де, біздің Қазақстанда да қылмыстық баппен жаза көзделетін ауыр қылмыс. Ең сорақысы, мұндай жабайылыққа шала сауатты адамдар емес, тарих ғылымының докторы, мемлекеттік дума депутаты Никонов жол береді, ал оның осы сандырағын шығыстанушы ғалым, депутат Жириновский мен полковник, депутат Е.Федоров қолдайды. Никонов 2020 жылдың 10 желтоқсанында «Қазақстанның солтүстігіндегі жерлер бос жатқан, ол жерде қазақ болмаған, ол жерлер СССР-дің сыйлығы» деп көкіді. Жириновский 14 желтоқсанда «ол орыстың жерлері, әйтпесе ол жақта орыстар қайдан жүр» деп, айтаққа айтақ қосты. Федоров ол жерді Ресейге қайтарып алуды талап етті. Ендеше мен менің қазақ халқыма тіл тигізген әлгі екі наданға, шовинист-ғалымдар мен бұрынғы полковникке біздің солтүстіктегі жерімізге орыстардың келу тарихын түсіндірейін.       Қазақ хандығы Ресей мемлекетінен 15 жыл бұрын құрылғанын дәлелді факті етіп жариялаған басқа емес, сіздердің орыс тарихшыларыңыз  Виктор Козодой еді. Орыстың 300 жыл бойы дені қазақтан құралған Алтын Ордаға бағынып келгенін айтпай-ақ қояйын бұл жерде. Тек Шыңғыс хан жаулағанға дейін, Ұйғыр қағанаты құлаған Х ғасырдан ХІІ ғасырға дейін керей мен найманның екі қазақ мемлекеті болғанын еске салайын. Олар Орхон-Енисей облысынан Урал өзені мен Сібірге дейінгі жерді жайлаған, бұл Е.Федоров «қайтарыңдар» деп отырған қазіргі Қазақстанның тура сол солтүстік жерлері еді. Шыңғыс ханның моңғолдарымен әбден алысқан екі мемлекет Алтын Орда құрамына кіруге мәжбүр болды. Айтпақшы, Көшім хан билеген арғындардың Сібір хандығы да болды. Онымен Ермак соғысқан. Бұл дерек Патриарх Филареттің «О взятии царства Сибирского 1622 г.» деген кітабында жазылған.

       Енді солтүстіктегі жерлерде болған қазақтар туралы айтайын. Ресейдің мемлекеттік архивінде сақтаулы тұрған елшілік есептерге қатысты 760 материалдың 150-і  – қазақ хандарымен арадағы қарым-қатынас пен хаттар. Қазақтар туралы алғашқы жазба 1521 жылдан басталады, елші В.М.Третьяков-Губинді Түркияға аттандырған патша оған қайтар жолда қазақтар туралы біліп қайтуды тапсырады: «Про Казацкую орду пытати, кто ноне в казаках государь и где кочует», – деп. 1585 жылы қазақ ханы Көшімнің жеңілісінен кейін ғана орыстар Сібірді де, біздің солтүстік жерлерімізді де біртіндеп игере бастады. 1586 жылы Тюмень қаласының, 1587 жылы Тобольск, 1594 жылы Тура, 1640  жылы Гурьев деген қалалардың негізін салды. «Сібір» деген сөздің өзі қазақтыкі, ол да 1662 жылы орыстың «Есиповская летопись» кітабында жазылған.        Орыстың географ-ғалымдары В.Н.Татищев, Г.Ф.Миллер, П.С.Паллас, Г.Потанин, И.П.Фальк, Х.Барданес, А.И.Левшин, П.И.Рычков, И.Г.Андреевалар ХVІ ғасырдан ХІХ ғасырға дейін қазақ жерлерін зерттеп, жердің сипаттамасын, мемлекеттік билік формасын, қазақ хандарының есімдерін, қазақтың тұрмысы мен киімі туралы талай еңбек жазды. Ол қолжазбалардың бәрі Мәскеудегі Русский архивте, С-Петербург, Орынбор, Тобольск архивтерінде тұр. Тіпті Париждің географиялық қоғамында, Лондон мен басқа да еуропалық астаналардан табылады. Мәселен, 1768 жылы Қазақстанның солтүстігімен жүріп өткен Х.Барданес қазақтар туралы алғашқы кітап шығарған – «Киргизская или казацкая хорография» деген. Онда қазақ тайпаларының атаулары, қазақ мемлекетінің құрылымы туралы жазылған. Бірақ қазақтар мен қазақтың ру-тайпалары туралы ең толық еңбекті Ираклий Левшин құрастырды – «Геродот казахских степей» деген. Ол еңбек туралы біздің Шоқан Уәлиханов жазды.

       I Петрдің бұйрығымен қазақтың территориясын игеру басталған кезде қазіргі Орынбор қаласының орнында Кіші жүздің әлімұлы руынан тарайтын кілең қазақтар тұратын. Келесі қала – Орск бекінісінде найман, қыпшақ, арғындар өзінің көшпенді тіршілігін кешіп жүрген. Сол себепті «қазақтың солтүстік жерлері бос жатқан» деген Никонов өтірік соғады. Ал Жириновскийдікі барып тұрған арсыз өтірік емес пе? Ол орыстың үш көштің толқыны нәтижесінде пайда болғанын өте жақсы біледі. Біріншісін жоғарыда айттық. Екінші көш 1900 жылдардың басында болған. Ол кезде Столыпиннің реформасымен орыс крестьяндары жаппай орталық губернияларға қарай көшірілді. Ал үшінші толқын Жириновскийдің көзі тірісінде болды – 1954  жылдан бастап тың игеру үшін Украина мен Ресейден славян халықтары көшіріле бастаған. Депутат деген мәртебе бұл үшеуінің де өзінің сөйлеп отырған тақырыбын жетік біліп, ұлтаралық араздық туғызатын өтірік бос сөз айтпауға міндеттейді.

       Үш депутатсымаққа қазақтар мен қазақстандықтардың 1941 жылы Мәскеу үшін болған ұрыстағы жаппай ерлігі туралы айта кетейін. Солардың ерлігі болмағанда қазір бұл пақырлар мемлекеттік думада отырмас еді, өйткені олардың әке-шешесі арийлік нәсілге жатпайтындықтан, атылып кетер еді. Тарихи факт: 1941 жылдың күзі мен қысында қазақстандық бес дивизия – 316-шы, 312-ші, 387-ші, 391-ші және 238-ші – өздерін құрбан етіп, фашистердің «Центр» армиясын тоқтатты, әйтпесе немістер Мәскеуді алатын еді. Фашистің идеологиясы бойынша барлық орыстар, азиялықтар, сығандар мен еврейлер өлтірілуі тиіс болатын. Мысалы, қазақстандық 312-ші дивизия 90 пайыз жауынгері қырылып қалса да, өз шебін тастамай, немісті бері өткізбей қойды.       Ресей бұрынғы СССР-де бірге болған біраз одақтасынан айырылды – Балтық елдері, Грузия, Украина, Молдавия, тіпті Армения мен Белоруссия да батысқа бет бұрғысы келеді; Түрікменстан мен Өзбекстан латын әліпбиін енгізіп, Ресей Федерациясынан бас тартты. Қазір Қазақстанның биліктегі элитасы халықтың референдум түріндегі келісімінсіз-ақ латын әліпбиін енгізгісі келіп отыр. Бұл да орыс әлемі мен Ресейден бас тартуды білдіреді. Ал бұл деген Ресейдің бір бүйірін тіліп өтетін 7000 шақырымға жуық шекара, сенімді деген одақтасы Қазақстаннан айырылған Ресейдің өз басына үлкен қатер төнеді. Бұған итермелейтін – думадағы үш депутаттың сөзі. Шовинизм – арты фашизмге жетелейтін соқпақ. Ал фашизмнің соңы не екенін бәріміз білеміз.       АҚШ пен батыс бұрыннан Ресейдің ту сыртынан кикілжіңдер тұзағын құрып қоюға тырысып келеді. Біртұтас Тұран мемлекетін құру жолында Ресей Федерациясына кіретін түркі халықтарын арандатуға құмар. Башқұртстан, Татарстан сияқты басқа да түркі республикаларының тұрғындарын түртпектейді. Осындай қалт-құлт еткен қауіпті кезеңде үш депутаттың бұл тірлігі қай сасқаны екен? Әлде бұл үшеуі АҚШ пен батыстың тапсырысын орындап жүрген биліктегі агенттер ме? Бұған қанша сенгіміз келмесе де, бәрі осыған меңзейді. Мәселен, сыртқы барлаудың бұрынғы бастығы, генерал Леонид Шебаршиннің «Реквием по Родине» деген кітабында Бакатиннің көмекшісі болған Никоновтың АҚШ мемлекеттік хатшысы Бейкермен болған кездесуде оның «Ресей ұлы державалық амбицияларымен мәңгілікке қош айтысуы керек» деген сөзін қоштай жөнелгені туралы тікелей жазылған. Ақын және жазушы И.Иртеньев те дәл байқап жазған: «Я не понимаю Никонова, чей же он внук – Молотова, или, все-таки, Риббентропа?» (Эхо Москвы. Иртеньев И. «Кто чей внук»). Сондықтан дейміз, мемлекеттік думаның депутаттары өз Отанына осындай иттік жасаса, олардан Қазақстанға қайбір жақсылық жасайды деп күте аламыз?        Аса құрметсіз Никонов, Жириновский және Федоров мырзалар!Ұмытпаңыздар! Аңдамай айтқан бұл сөздеріңіз Қазақстанда тұратын орыс пен орыстілділерге соққы болып тиеді. Қазақстандағы орыстардың саны 4  миллионнан асады, сіздердің осы бір арандатушылық пейілдеріңізден кейін оларды мұнда ешкімнің де жақсы көре түспейтіні анық. Шовинистерін депутат қылған Ресейге жаным ашиды. Орыс халқының бағы бар болса, болашақта мемлекеттік думадан мұндай сұмырайларға орын берілмес деп үміттенемін.

Алмас Көптілеу
Тегтер: Без Тега