Қазақстанның барлық өңірінде дауылды ескерту жарияланды
"Қазгидромет" еліміздің барлық аймағында қолайсыз ауа райы болатынын ескертті.
Синоптиктердің болжамынша, бірқатар өңірде жаңбыр мен қар жауып, тұман түседі. Кей жерлерде жел күшейіп, көктайғақ болуы мүмкін.
Ұлытау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында жауын-шашын күтіледі. Жекелеген аудандарда жолдар көктайғақ болады.
Астана мен еліміздің басым бөлігінде тұман түседі. Әсіресе түнгі және таңғы уақытта жолдағы көріну қашықтығы нашарлауы ықтимал.
Желдің екпіні де күшейеді. Түркістан облысының тау асуларында оның жылдамдығы секундына 28 метрге дейін жетуі мүмкін. Жетісу, Шығыс Қазақстан, Абай және Жамбыл облыстарының кей аудандарында жел екпіні 25 м/с-қа дейін барады.
Астанада түнде және таңертең тұман түссе, Шымкентте желдің жылдамдығы 15–20 м/с болады деп болжанып отыр.