Қазақтың «Жаңа Қазақстаны» әлі алда...
Қасым-Жомарт Тоқаевтың білімді және интеллигент адам екенінде күмән жоқ. Оның маңайындағылардың көпшілігі де түзу адамдар.
Бірақ солардың арасында біршама санасыз, парықсыз адамдар бар екені ащы шындық. Мемлекеттік идеологияны қалыптастыру жұмысына әлгі адамдар да араласатын сыңайлы. «Екінші республика» мен «Жаңа Қазақстан» деген терминдерді солар ойлап тапқан болуы мүмкін, әлбетте.
– Қазақстан тарихында үш республика болған. Біріншісі – 1917-1920 жылдары орнаған Әлихан Бөкейхандар бастаған Алаш автономиясы. Ғұмыры тым қысқа болса да, ол толыққанды, шынайы республика болып еді. Филолог ғалым Сұлтан Хан Аққұлының тұжырымынша, ол таза «парламенттік республика» болатын. Сонымен, қазақтың алғашқы республикасы – Алаш автономиясы түріндегі парламенттік республика болған екен. Алаш республикасы күйреген соң 1920 жылдан бастап, 1991 жылға дейін созылған Қазақ ССР-інің заманы туды. ҚазССР – Мәскеуден басқарылатын колония еді. Бірақ бұл да өтірік болса да, әйтеуір барлық атрибуты бар республика болатын-ды. Сонымен, екінші республикамыз – Қазақтың Советтік Социалистік Республикасы. КСРО ыдыраған соң, қазақтың үшінші республикасы басталды, 1991 жылы біздің елімізде президенттік республика құрылды. Бұл да көп жағынан, номиналды сипаттағы республика болса да, республикаға тән барлық рәміздерге ие болды. Сонымен, қазақтың үшінші республикасы – қазіргі Қазақстан Республикасы түріндегі президенттік республика. Ендеше, елдің идеологиясына жауап беретіндердің «екінші республика» деуіне не жорық? Қазақтың Үшінші Республикасы Н.Назарбаев кезеңі мен Қ.Тоқаев кезеңі деп бөлінбесе керек. Қазіргі «екінші республика», «Жаңа Қазақстан» деп жүргендері, шындығында, қазақтың Назарбаев құрған үшінші республикасы, Назарбаевтың өзі кетсе де. Өйткені екеуінің еш айырмашылығы жоқ. Сол баяғы жаппай коррупция, жаппай әділетсіздік, жоқшылық пен кедейшілік. Бірінші коррупция кезеңі, екінші коррупция кезеңі деп бөлмейтін шығармыз, енді? Жемқорлықтың аты жемқорлық, қазақты қалай алдап, оның терісін қалай айналдырмақ болсаң да. Ендеше, тарихи хронологияға қарағанда, «екінші республика» дегеніміз – тек қана Қазақ ССР-і. Ал бүгінгі мынауымыз қалай айтсақ та тарихта «үшінші республика» болып қалады. Ешқандай «Жаңа Қазақстан» жоқ. Бұл жай ғана эвфемизм, баяғы «Нұр» мен «НАН» сияқты сүйкімі әбден қашқан сөздерді алмастыру үшін ойлап табылған. Міне, солай еді. Кезінде сәнді де тиімді болған топастық пен ақымақтық қазір жүрмейді. Сондықтан мемлекеттік терминдер мен идеологияда әр нәрсені өзінің жөнімен атап, ғылыми тұрғыдан қарастыруымыз керек, – деген екен физика-математика ғылымының кандидаты Эльдар Кнар.