Әлеумет

ҚазҰУ басшылығы студенттің өлімінен кейін бірқатар қызметкерді жұмыстан босатты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттің қазасына байланысты бірқатар қызметкер жұмысынан босатылды.

Фото: ашық дереккөз

Университеттің тәрбие жұмысына жауапты проректоры мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылды.

Оқу орнының ресми мәлімдемесінде қайғылы оқиғаға байланысты шұғыл шаралар қабылданғаны айтылған. Университет басшылығы аталған лауазымды тұлғаларды тәрбие жұмысының тиісті деңгейде жүргізілмеуі, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіптің талапқа сай қамтамасыз етілмеуі үшін қызметінен босатқан.

Сонымен қатар оқиға болған күні жатақханада кезекшілік атқарған жауапты қызметкерлер жұмыстан шеттетіліп, олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп жатыр.

Университет барлық жатақханада кешкі бақылауды күшейтіп, студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және оларға кәсіби психологиялық көмек көрсетуге бағытталған қосымша шаралар енгізген.

"Студентіміздің қазасы қабырғамызды қайыстырды. Қайғының марқұмның отбасы үшін қаншалықты ауыр екенін терең сезініп, ата-анасы мен жақындарының қайғысына ортақтасамыз. Университет отбасымен байланыста және қажетті қолдау көрсетуге әрдайым дайын", – делінген хабарламада.

Оқу орны құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеуге толық қолдау көрсетіп отырғанын және істің әділ әрі ашық тергелуіне мүдделі екенін мәлімдеді.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу құпиясына байланысты өзге ақпаратты жариялай алмайтынын атап өтті.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: ҚазҰУ