Әлеумет

ҚазҰУ-да студенттің өліміне қатысты күдікті ұсталды

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қараша айының басынан бері екі студент көз жұмды.

Фото: ашық дереккөз

Әлеуметтік желіде университет студентінің қаза тапқаны туралы ақпарат тарағаннан кейін Алматы қалалық полиция департаменті күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Бостандық аудандық полиция басқармасы аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғаған. Алайда полиция оқиғаның өзге мән-жайын әзірге жариялаған жоқ.

ҚазҰУ баспасөз қызметінің мәліметінше, география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студенті көз жұмған. Университет марқұмның ата-анасы мен жақындарына көңіл айтып, тергеу жүргізіп жатқан құқық қорғау органдарына қажетті қолдау көрсететінін мәлімдеді.

Бұған дейін, 6 қарашада, университеттің студенттер қалашығында журналистика факультетінің бірінші курсында оқитын студент қыз қаза тапқан еді. Бұл дерек бойынша да полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу бастаған. Алайда құқық қорғау органдары ол оқиғаның да егжей-тегжейін жариялаған жоқ.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: ҚазҰУ студент