Әлеумет

ҚазҰУ университет аумағында студент қызға қатысты оқиға болғанын жоққа шығарды

ҚазҰУ университет аумағында студент қызға қатысты оқиға болғанын жоққа шығарды

Фото: ашық дереккөз

Алматыда оқу орындарының бірінде студент қызға қатысты оқиғадан кейін полиция тергеу бастады. Алдын ала мәлімет бойынша, қыз өзіне жеңіл жарақат салған. Оған медициналық көмек көрсетілген.

Бұған дейін заңгер Мейірман Шекеев оқиға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аумағында болуы мүмкін екенін хабарлаған еді. Заңгер студент қыз өзіне қол жұмсамақ болған болуы мүмкін деген болжам айтқан. Алайда бұл ақпараттың ресми түрде расталмағанын да ескерткен.

Ал ҚазҰУ баспасөз қызметі университет аумағында студент қызға қатысты мұндай оқиға болмағанын мәлімдеді.

Полиция әзірге оқиға болған нақты оқу орнының атауын жариялаған жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін "Жас Алаш" ҚазҰУ-да екі студенттің қаза тапқанын хабарлаған болатын. 6 қарашада университет қалашығында журналистика факультетінің бірінші курс студенті көз жұмды. Ал 15 қарашадан 16 қарашаға қараған түні жатақханада география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студенті қаза тапты. Соңғы оқиғаға байланысты екінші курс студенті күдікке ілінді.

Осы оқиғалардан кейін университетте кадрлық өзгерістер жасалып, әлеуметтік-тұрақты даму жөніндегі проректор мен факультет деканы қызметінен босатылды. Ғылым және жоғары білім министрлігі ҚазҰУ-да кешенді тексеру жүргізілетінін мәлімдеді.

Ал студент қызға қатысты соңғы оқиғаның ҚазҰУ-да болғаны ресми түрде расталған жоқ.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: ҚазҰУ