Қолдан жасалған қиындық
«Жас Алаш» газетінің №18 санындағы (12.03.2020 ж) Қ. Зарыққанқызының суға қатысты мақаласы бізге ой салды.
Мәселен, «Ақбұлақ» жобасының біздің ауылға мысықтабандап қалай келгені, айналамыздағы көршілер суға жете алмай қаңсып отырғанда, суы бар елге су жүргізіп, мемлекет ақшасының орынсыз шашылуына ауылдың қалай араша түскенін жұрт әлі күнге ұмыта қойған жоқ.
Бүгінде «Ақбұлақ» бағдарламасының соңғы жылы және біздің ауылдағы соңғы күндері өтуде!? Тіпті, біздің аудан телеарналар мен газет бетінен түспейтін болды! Әсіресе «Жас алаш» газеті бәрінен асып түсті. Басылым орта жолда бізді тастап кетпеді. Казаткомның үлкен проблемасын ақпарат кеңістігіне шығарып, бүкіл алаш баласы бір өзіне қарап отырған газет бетінен әрдайым орын беріп, сергектік танытқаны үшін ауыл газетке белшеден қарыз!
Сіздерге түсінікті болу үшін қысқа ғана шегініс. Алматы облысында су мәселесі түпкілікті шешілген ауыл болса, соның біреуі аудан орталығынан шалғай орналасқан Казатком еді. 1966 жылы сол кездегі геология министрі А.Сәлімбаев ағамыз ауылға бір келгенде ақсақалдар рулас ағайындықтарын алға тартып, су мәселесіне көмек беруді сұраған көрінеді. Сол кісінің қолдауымен 1966 жылы қазылып, 100 метр тереңдіктен өз қысымымен шығып, оның үстіне ешкімнің көк тиыны шықпай, бар шығынын кеңес заманы көтеріп алған және жарты ғасырдан бері санэпидемиологиялық сараптамадан еш күмәнсіз, әр уақытта мінсіз өтетін су көзі еді. Ол ауыл тұрғындарының суға деген барлық қажеттілігін толықтай өтейтін және әр үйде, әр аулада өзіміз түсіріп алған суымыз бар болатын. Кейбіреулер « Ақбұлақ » бағдарламасы аясында ақшаның шеті көрінгеннен ауылды көкпарға салып, аяқасты пысықтық танытып, сыртымыздан жоспар құрып, кесіп – пішіп ауылдағы су мәселесін үлкен дауға айналдырды.
Еңбекшіқазақ ауданында су тапшылығының азабын әбден тартқан бес ауыл болса, 2015 жылы осы қосаққа су проблемасы жоқ біздің ауылды да санэпидемиологиялық нормаға сай емес деген түбі шикі уәжбен алтыншы етіп кіргізіп жіберіпті. Облыс әкімінің орынбасары Л. Тұрлашевтің дәл қазір қолындағы қайталаудан жалықпайтын тастай сіресе жабысып отырған тұз көзірі – аяқастынан пайда болған 04.08.2018 жылғы № 907/ 250 – 251 хаттама. Яғни, ауыл осы кезге дейін су емес, у ішіп келген көрінеді.
Енді мынаны қараңыз: биліктің қолындағы судың сапасы туралы № 907/ 250 – 251 04.08.2018 ж хаттама елді алдау, жалған екендігін арнайы шақырылған тәуелсіз сарапшылар 09.09.2018 ж «КТК» телеарнасының «Аптап» бағдарламасында дәлелдеп беріп, судың сапасы санэпид нормаға сай екенін айтса да билік біздің тәуелсіз сараптамадан өткен № 242 – 18 481 14.08.18. хаттаманы әлі мойындамай, көкбеттеніп отыр. Міне осылай, біз сияқты суы бар елге тағы бір қосымша су желісі тартылып, орынсыз мемлекет ақшасының шашылуына саналы түрде жол берілді.
Бүкіл Қазақстанда біз сияқты оған араша түсетін, сөзімізді сөйлейтін жан баласын таппай, осыны ешкімге ұқтыра алмай, еңбегіміз еш, тұзымыз сор, жігеріміз құм болды. Дәл кәзір билік пен халық емес, билік пен тендер ұтқандардың заманы келіп, аспаннан айы туып тұрғанда, көзіне көрінген кез келгенді шен–шекпеніне қарамай билеп–төстеп, ерінбесе ноқталап алатын тендер ұтқандар мен оларды қызылтанау болғанша, балаша қорғайтын билік тандемі ақыры дегеніне жетіп тынды.
Жалпы 3 кезеңнен тұратын, оның тек 2 кезеңіне ғана шамамен 0,5 млрд теңге бөлінген Казатком аулына су түсіру 2019 ж қыркүйек айында аяқталуы керек еді. Бірақ ол қазір тоқтап тұр.
Амалы таусылған ЖШС «Қарасай» компаниясына түгелдей басқа ұлт өкілдерінен жасақталған қапшағайлық бригада осы арада белсенділік танытып, өз талабын қойған көрінеді. Яғни төлемақы жұмыс көлеміне байланысты күнделікті және әр аптаның сенбісі есептесу күні, ал оларға төленген ақша біз сияқты «свараға» тендерге ұрынған келешекте су түсіреміз деген ауылдың есебінен дейді
білетіндер? Кәзір оларда жоқ, тыңыштық орнады.
Қызығы, бұл 2 кезең, тіпті өз уағында аяқталса да үйге су келмейді екен. Ол әркімнің жеке шаруасы, яғни қалтасына байланысты, ал 3 кезеңді ұйымдастыру ауыл әкіміне міндеттелсе керек, яғни бұл көрші Ақши аулы сияқты ауылдық округте келесі тағы бір 10 жылдық пайда болмақ!
Дегенмен, дәл осы жерде ауылдың көргені де, білгені де көп, бірақ айтарымыз және уайым – қайғымыз басқа. Сол кездегі елдің айтқан, жазған бар күдігі уақыт өте келе шындыққа айналып, бейбіт күнде ауылдың болашағына үреймен қарайтын болдық. Себебі «Ақбұлақ» жобасы кесірінен ауылда ықтимал болу қаупі аса жоғары қолдан жасалған апат аймағы пайда болды!
Бізден ұсыныс: Сіздерге біздің аудан таныс, кезінде суға байланысты әр ауылда болдыңыздар, енді осы «Ақбұлақтың» 10 жылдығына орай, сол ауылдарды өздеріңізге қолайлы бір уақытта, көп кешіктірмей тағы бір аралап, елмен кездесіп қайтсаңыздар нұр үстіне нұр болар еді.
Досымов Қалиақбар,
Казатком ауылы,
Алматы облысы