Сараптама

Қорда бар, қалтада жоқ. Үкімет жанармай бағасын қалай тежемек?

Үкімет жанармай бағасын қалай тежемек?

Фото Ғалым Смағұлұлының карикатурасы / JasAlash

Осы күнде қайсыбір сарапшылар "2027 жылдың соңына қарай АИ-92 маркалы жанармай бағасы 300 теңге, дизель отынның бағасы 400 теңге болуы мүмкін" деген болжамды жиі айтады. Өткенде осыған байланысты үкімет отырысынан кейін энергетика министрі Ерлан Ақкенженов БАҚ өкілдерінің біраз сұрағына жауап берген. Министрдің сөзіне сүйенсек, "әзірге дүрбелеңге негіз жоқ" екен.

Алайда бір қызығы, Үкімет бағаны 2024 жылдан бері нарықтың өзіне тапсырған. Қазіргі уақытта мемлекет бұрынғыдай көтерме және бөлшек саудаға жатпайтын бағаларды реттемейді. Осыған қарамастан, министр Ақкенженов бағаның күрт өсуіне жол бермеуге қажетті барлық тетік қолдарында екенін айтады. Яғни жанармай бағасы көтерілсе – нарық кінәлі, ал тым қатты көтерілсе – мемлекет араласуға дайын. Мұндайда еріксіз "нарық еркіндігі қай жерде аяқталып, мемлекеттік реттеу қай жерде басталады" деген сұрақ туындайды.

Әйтеуір министрдің сөзінше, баға күрт өскен жағдайда үкімет оны тежеу үшін қажетті шаралардың бәрін қабылдай алады. Елде бензин мен дизель отынының 400 мың тоннадан астам қоры бар, мұнай өңдеу зауыттары штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Дегенмен жанармай қорының жеткілікті болуы оның бағасы өспейді деген кепілдік емес. Қоймадағы мыңдаған тонна отын жанармай бағасын белгілеу механизмін өзгерте алмайды. Оның үстіне мемлекет нарықтық баға қалыптастырудан бас тартқан жоқ, демек, бағаның келешегі тек қор көлеміне емес, өндіріс шығындарына, сұранысқа және жалпы энергетикалық саясатқа тәуелді. Бір сөзбен айтқанда, үкімет әзірге "жанармай бар, дүрбелең жоқ" деген ұстанымда. Ал қарапайым халықты қорда жанармайдың бар-жоғы емес, ертең оның қанша теңгеден сатылатыны көбірек алаңдатады.

Фото: из открытых источников/Жанармай қымбаттайды

Мұнайлы елге арзан жанармай неге арман?

Отандық сарапшылардың пайымдауынша, қазір Қазақстандағы жанар-жағармай нарығы күрделі экономикалық таңдаудың алдында тұр. Бұл арада, бір жағынан, мемлекет ішкі нарықтағы отын бағасының күрт өсуіне жол бермеуге тырысады. Екінші жағынан, мұндай саясаттың экономикалық салмағы мұнай өндіруші компанияларға, бюджетке және түптеп келгенде, бүкіл экономикаға түсіп отыр.

Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл қазанда Қазақстанда мұнай өнімдерінің барлық түрі қымбаттаған. Шикі мұнайдың бір тоннасының орташа бағасы 104,5 мың теңгеге жетіп, бір жылда 8,6 пайызға өскен. Жанар-жағармай өндірушілерінің сату бағасы 4,4 пайызға көтеріліп, тоннасына 201,1 мың теңгені иектесе, дизель отыны 3,7 пайызға қымбаттап, 255,5 мың теңгеге жеткен.

Мұндай есептер бізге өндіріс шығындары мен баға динамикасындағы кезекті өзгеріс тәрізді көрінеді. Ал сарапшылардың пайымдауынша, мәселе тереңде жатыр. Алдағы уақытта үкіметке "Мұнай өндіретін ел неге өз азаматтарын арзан жанармаймен қамтамасыз ету үшін қосымша экономикалық тетіктерге жүгінуге мәжбүр?" деген сауалға жауап беруге тура келеді.

Субсидиямен қолдау көмектесе ме?

Жалпы, бізде мұнай өнімдерінің бағасы нарықтық сұраныс пен ұсынысқа ғана тәуелді емес. Оның қалыптасуына мемлекеттің энергетикалық саясаты, ішкі нарықты қорғау тетіктері және мұнай өңдеу саласындағы баға саясаты тікелей ықпал етеді. Қазір бізде бұл саланы қолдаудың екі негізгі тетігі бар. Біріншісі – жанама субсидиялау. Бұл бағыт бойынша мұнай өндіруші компаниялар шикі мұнайды ішкі мұнай өңдеу зауыттарына экспорттық бағадан төмен бағамен жеткізеді. Яғни компаниялар халықаралық нарықта жоғары бағаға сата алатын шикізаттың белгілі бір бөлігін ішкі тұтыну үшін арзандатылған шартпен береді.

Екіншісі – тікелей мемлекеттік қолдау. Мәселен, биыл көктемгі егіс науқанына ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін 402,3 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Оның литрі 281 теңгеден белгіленіп, нарықтағы орташа бағадан 15 пайызға төмен ұсынылған. Сонымен қатар бұл бағыт бойынша "QazaqGaz" ұлттық компаниясы ішкі газ нарығын қолдауға жыл сайын 226,3 млрд теңге бөледі. Бұл көрсеткіштер мемлекеттің энергетикалық нарықтағы рөлі әлі де айтарлықтай екенін көрсетеді. Бірақ мұндай қолдаудың тиімділігі туралы мәселе ашық күйінде қалып отыр. "Өйткені бағаны төмен деңгейде ұстау – мәселені шешу емес, оның экономикалық құнын басқа тарапқа жүктеу" деседі мамандар.

Жанармайды бұлайша арзандату саясатының әлеуметтік негізі түсінікті де. Отын бағасының өсуі көлік шығындарына, азық-түлік тасымалына, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнына және жалпы инфляцияға әсер етеді. Сондықтан мемлекет бағаның күрт өсуін шектеу арқылы халықтың сатып алу қабілетін қорғауға ұмтылады. Алайда сала мамандарының ойынша, осы саясаттың екінші жағы бар. Арзан жанармайды табысы төмен азаматтар ғана емес, табысы жоғары тұтынушылар да пайдаланады. Демек, мемлекеттік қолдаудың көлемі тұтынушының әлеуметтік жағдайына қарай сараланбайды.

Бұл – субсидиялау жүйесінің басты қайшылығы. Мемлекеттің әлеуметтік қорғау мақсатында енгізген тетігі табысы жоғары топтарға да бірдей пайда әкеледі.

Energy Monitoring қорының директоры Нұрлан ЖҰМАҒҰЛОВ бұл мәселені мұнай өндіруші компаниялардың ішкі нарыққа қосқан экономикалық үлесі тұрғысынан қарастырады.

"Мұнай компаниялары шикі мұнайды ішкі нарыққа экспорттық бағадан төмен жеткізіп отыр. Бұл – экономикаға қосылып отырған айтарлықтай үлес. Алайда бұл тетік халыққа түсінікті емес. Сондықтан бағаның өсуі қоғамда сұрақ тудырады", – дейді сарапшы.

Маманның ойынша, егер мемлекет бюджеттен "шаруаларға 100 млрд теңге бөлдік" десе, оны бәрі көреді. Ал мұнай компанияларының ішкі нарыққа арзан мұнай беріп, қанша табысынан айырылып жатқаны бюджетте көрсетілмейді.

Осыдан барып, қарапайым тұтынушы "біз мұнайлы елміз, мұнай өзімізден шығады, ендеше, бензин неге қымбаттай береді?" деп сұрауы заңды. Халық компаниялардың ішкі нарыққа онсыз да шығынмен немесе өте төмен маржамен жұмыс істеп жатқанын білмегендіктен, кез келген баға өсімін әділетсіздік немесе алыпсатарлық деп қабылдайды. Міне, болашақта үкіметке осы жайттарды тұтынушыларға нақты әрі ашық түсіндіруге тырысқаны жөн.

Фото: ашық дереккөз/олжас

Ал сарапшы Олжас БАЙДІЛДИНОВ "субсидиялау жүйесін әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан қайта қарау қажет" деп есептейді.

Оның пікірінше, арзан жанармайды барлығына бірдей ұсыну мемлекеттік ресурстарды тиімді бөлудің жолы емес. Сондықтан нарықтық бағаға кезең-кезеңімен көшіп, әлеуметтік осал топтарға атаулы көмек көрсету керек.

"Қолданыстағы субсидиялау жүйесі әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан жетілдіруді талап етеді. Арзан жанармайды табысы жоғары тұтынушылар да пайдаланады. Нарықтық бағаға көшіп, атаулы әлеуметтік көмекті күшейту қажет. Әйтпесе бай да, кедей де бюджеттен ақша жейді", – дейді ол

Бензин бағасы ЕАЭО елдерімен теңесуі керек пе?

Отандық мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар ИСМАЙЫЛОВТЫҢ сөзіне сүйенсек, отандық отын нарығы енді қандай сценариймен дамыса да, баға өсе береді. Себебі 2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап бензин мен дизельдің көтерме бағасының шекті мөлшерден асқан өсімінен алынатын қосымша акциздік салық мөлшерлемесі 50 пайыздан 95 пайызға дейін көтерілді. Бұл шара жергілікті бюджеттерді толтыру үшін енгізілгенімен, қарапайым тұтынушы үшін бағаның өсуіне тікелей түрткі болады.

Тіпті қазір "Қазақстандағы бензин бағасы Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерімен салыстырғанда арзан" деп жүргендер де бар. Себебі Қазақстан – ЕАЭО-дағы ең арзан бензині бар ел, ал арзан бензин шекарада тұрмайды. Ол Ресейге, Қырғызстанға "ағып" кете береді. Еуразиялық комиссияның дерегі осыны анық көрсетеді. Қазақстанда – 255 теңге, Беларусьте – 396 теңге, Ресейде – 414 теңге, Қырғызстанда – 508 теңге, Арменияда – 729 теңге. Қазақстан мен Ресейдің арасындағы айырмашылықтың өзі 167 теңге.

Аналитик талдау және сараптау орталығының экономист-сарапшысы Марал ТӨРТЕНОВА қазан айының өзінде ғана қазақстандық өндірушілер бензин бағасын тағы 4,4 пайызға, дизельді 3,7 пайызға көтергенін айтады. Маманның ойынша, осылай кезең-кезеңімен қымбаттатып отырып бағаны теңестіру қазірдің өзінде басталған.

"ЕАЭО елдері арасында осындай айырма тұрғанда біздегі арзан жанармайды сыртқа тасуды тоқтату мүмкін емес. Сондықтан мемлекет 2024 жылдың ақпаннан бастап бағаны ұстап тұрудан бас тартты да, оны нарықтың өзіне жіберді. Ал нарық қазір бағаның жоғарлайтынын көрсетіп тұр. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бұл жағдайды сабырмен түсіндіруге тырысады. "Егер үлкен секіріс болса, мемлекет барлық қажетті шараны қабылдайды. Бізде қор бар", – дейді министр. Бірақ қор – уақытша қорған ғана. Ал бағаны көтеретін ұзақ себептерді министр айтпайды. Мысалы, бір литр бензиннің тек 18 пайызы ғана – мұнайдың бағасы. Қалғаны – салық пен акциз. Бұл өнім сатушылардың қалтасына ауырлық түсіреді. Оларға сондықтан да өнімін қымбатқа сатуға турға келеді", – дейді сарапшы.

Жалпы, Қазақстандағы жанармай бағасы Ресей деңгейімен толық теңессе, онда автокөліктің 50 литрлік багын толтыру құны 12 350 теңгеден 20 700 теңгеге дейін өседі. Айырмашылық 8 350 теңге. Бұл – бір ғана жанармай құюдың өзінде жүргізушінің қалтасынан шығатын қосымша қаражат. Ал мұндай өсімнің салдары автокөлік иелерімен шектелмейді. Тасымал тарифтері қымбаттайды, логистикалық шығындар көбейеді, оның ақыры азық-түлік пен күнделікті тұтыну тауарларының бағасына әсер етеді. Демек, бензиннің қымбаттауы – тек энергетика саласының мәселесі емес, бүкіл экономиканың инфляциялық тәуекелі.

Жанармай қымбаттаған сайын халықтың шығыны артып, сатып алу қабілеті төмендейді. Бір жағынан, нарықтық бағаға көшу экономикалық қажеттілік ретінде түсіндірілсе, екінші жағынан, оның инфляциялық салдарын кім өтейтіні әзірге басы ашық сұрақ болып қалды. Сондықтан да үкімет бағаны бір сәтте емес, кезең-кезеңімен өзгертуге мүдделі. Бұлайша біртіндеп қымбаттау халық үшін арзан бағаның сақталатынын білдірмейді. Ол тек қымбатшылықтың қарқынын баяулатады. Егер ЕАЭО елдерімен баға айырмашылығын қысқарту саясаты жалғаса берсе, мәселе бензиннің 414 теңгеге жету-жетпеуінде ғана емес, оған дейінгі аралықта халықтың қалтасы мен экономиканың қаншалықты салмақ көтере алатынында. Үкімет бағаны біртіндеп теңестіруге ниетті, нарық өз заңдылығын талап етеді. Ал осы екі ұстанымның ортасында жапа шегетін – тағы да қарапайым халық. Сондықтан алдағы уақытта Бектенов Үкіметіне жанармайдың бағасын кезең-кезеңмен өсірмес бұрын, халық қиналмайтындай, қарапайым жұртты қолдайтындай әлеуметтік қолдау шараларын ойластырып алған жөн.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Сайт Әкімшілігі