Саясат

Қордағы жердің қожасы

Мойынқұмдық Еркебек Ошақбаев аудандағы жер телімін бөлу комиссиясының жұмысына көңілі толмайтынын, ондағылар «бармақ басты, көз қыстылықпен» өз адамдарына бұра тартатынын ашына айтады.

Jasalash.kz

Еркебектің ұлы Нұрбол Асқаров Құмөзек жер қорынан жер ала алмай келе жатқанына үш жылдан асыпты. Есесіне ол жер Шу, Мойынқұм аудандары бойынша қаржы полициясының басшысы қызметінен зейнетке шыққан Серік Оңланбековтің әйелі Гүлнәр Бейімбетоваға бұйырған.

— Балам Нұрболдың жасы 25-те. Ауыл шаруашылығы саласының маманы. Иелігінде шөп шабатын, тайлайтын, соқа тіркемелі үш тракторы, жүк тасымалдайтын екі КамАЗ – ұзын-ырғасы 11 дана ауылшаруашылық техникасы бар. Алдыңғы жылдарды айтпағанда, биыл жайылымдық 2000 гектар жерге үміткер болып қатыстық. 2020 бағдарламасы бойынша несие рәсімдеп, ол қаржыға 150 бас қой, 50 бас сиыр сатып алғанбыз. Науқан кезінде Құмөзек, Сарыөзек, Қарабөгет ауылдарынан 10-нан аса адамды жұмыспен қамтыдық. Аталған ауыл тұрғындарына нарықтағы бағадан төмен бағада мал азықтары жеткізіліп берілді. Өз кезегінде ауыл тұрғындары, атап айтсақ ақсақалдар төрағасы, ауыл имамы, мектеп басшысы, тағы басқа кісілер баламды қолдап, әкімшілікке хат жазды. Бірақ жеме-жемге келгенде ол жерге Гүлнәр Бейімбетова деген әйел кісі ие болып шыға келді. Г.Бейімбетова – Шу, Мойынқұм аудандары бойынша қаржы полициясының басшысы болған, бүгінде зейнеттегі Серік Оңланбековтің әйелі. Міне, мәселе қайда жатыр.

     Қазір техника, мал санын қағаз жүзінде қатырып, іске келгенде жалға беріп қойып, жатып алып пайда көріп жүргендерді де көзіміз көріп жүр. Бұл ретте, бекер обалы не керек, облыс басшысы Бердібек Сапарбаев «жерді жалға беретіндер емес, өндіріп жұмыс істейтіндер пайдалансын, соларға берілсін» деп айтты. Алайда басқа өңірді қайдам, біздің Мойынқұмда жер телімін бөлу комиссиясының төрағасы, аудан басшылығы көз таныстары мен өз таныстарына жерді үлестіріп отыр. Мойынқұмда соңғы екі-үш жылда  екі-үш мыңдаған гектарға ие болғандардың барлығы бір-бір шендінің әйел-баласы, туыс-тумасы деп нық сеніммен айта аламын. Ал біз сияқтылар «Аспаннан алтын киіз жауса да, құлға ұлтарақ бұйырмайдының» кебін киіп отырмыз, – дейді мойынқұмдық шаруа Еркебек Ошақбаев.

       Иә, президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға қолдау білдіру  мемлекетіміздің өркендеуіне қосқан үлесіміз екенін, ауылдық жерде жастарды тұрақтандыру жайында жиі айтқанымен, жергілікті жерде боламын деген жігіттің белінен буудың орнына, керісінше, бетінен қағып отырғаны қалай?

       Біз газетіміздің өткен нөмірінде Жамбылдағы жастарға арналған жоба бойынша берілген мемлекеттік гранттарды аталған жобаның комиссия мүшелерінің ұл-қыздары алғанын жазған едік. Енді, міне, шалғайдағы Мойынқұмнан үнімізді үкімет басындағыларға жеткізсеңіздер деп хат жазған жергілікті тұрғын «Құмөзек жер қорынан бөлінген жерді комиссия қаржы полициясын басқарған дөкейдің әйеліне алып берді» деп отыр. 

       Жанға бататыны сол – үміткерлер арасында үздігін таңдап, әділдік танытуға тиісті комиссия осылайша өз адамдарының мүддесін қорғап, қарапайым қатысушылардың салын суға кетіріп, ел экономикасы мен әлеуетін жақсартуға бағытталған игі жобалардың қадірін кетіріп отырғандай. Олардың осы әрекеттері қаншама талапты жастың ашу-ызасын тудырып, сайып келгенде, мемлекетке деген көзқарасының өзгеруіне ықпалы болмасына кім кепіл?

Нұрболат Әлдибек
Тегтер: Без Тега