Қоғам

Қорғансыз ана мен бала

Адамның жеке өміріне қол сұқпаймыз, әлбетте. Бірақ біз өмір сүріп жатқан қоғамда бей-жай қалдырмайтын жағдайлар көп.

Jasalash.kz

Соның бірі – қорғансыз ана мен шырылдаған сәбилер. Әлеуметтік желіні ақтарып отырып, мына бір жазбаға көзім түсті. Бір келіншек «күйеуім бала-шағаммен үйден қуып жіберді, далада қалдым. Барар жер, басар тауым жоқ. Аналар орталықтары бар деп естіп едім, мекенжайларын білетін жан болса, жіберіңіздерші, өтінем» депті. Орталықтар көп болғанымен, ол жердегі әйелдер ашылып әңгіме айтуға, өз аты-жөндерін, тіпті қай қалада, қай орталықта жатқандары туралы айтудан қорқатынын, бойларын үрей жайлаған қорғансыз жандар ішкі жанайқайын жайып салуға жүрексінетінін байқадым. Зорлық-зомбылыққа тап болып, орталықты паналаған Жамал атты келіншек қана ішіндегі сырымен бөлісуге келісімін берді.

– Жамал, орталықтан бұрын әке-шеше, туған-туысты паналайтын қазақпыз ғой, орталыққа келуге бірден бел шешкеніңізге қарағанда туғандардан көмек болмады ма?

– Иә, сол керісінше, ағайын-туғанның сөзінен қашып осы орталықты паналадым. Қызы қайтып кепті деген сөзді естігім келмеді. Оның үстіне әке-шешеме масыл болмайын дедім.

– Орталыққа келген себебіңіз, тұрмысқа шыққанда нешеде едіңіз, балалар, күйеуіңіз, жалпы отбасыңызда болған ахуал туралы айта кетсеңіз?

– 21 жасымда тұрмыс құрдым. Күйеуім бір үйдің жалғыз ұлы, анасы мені өзі таңдап әперген болатын. Енем өз таңдауымен әпергендіктен, әрине, жақсы қарады маған. Ал күйеуім, керісінше, мені жақсы көрмеді. Әу бастан-ақ жүріс-тұрысы көп болды, дәм-тұзымыз жараспады, Жалғыз ұл болғандықтан, ештеңеден тарықпай өскен жігіт бойдақ өмірімен қоштаса алмады, күні-түні қыдыру, құмар ойын ойнайды, Ақшасы бітіп қалса маған несие алдыртатын болды. Кейіннен әпермеймін десем болды, ұрып-cоғатын жағдайға жетті. Арақ ішеді, одан қалса «шөп» шегеді. Екі қыз туып бердім, маған «қыз туа бересің ұл туа алмайсың» деп те қол көтерді. Содан қызымдарымды қолыма ұстап, орталыққа келдім. Қазір осында уақытша денсаулығымды түзеп, ес жиып жатқан түрім.

– Орталыққа келгелі немен айналысып жүрсіз? Қандай ой түйдіңіз, болашаққа қандай жоспарыңыз бар?

– Орталыққа келгеннен менімен психологтар, социолог мамандар жұмыс істеп жатыр. Ойымызды басқа арнаға бөліп, ақыл-кеңес айтып, медитация жасайды. Есімді жиып қалдым біршама. Жақында дипломымды қолыма алдым, өзімнің мамандығым – мұғалім. Болашағым жайлы айтсам, жолдасыммен қайта қосылатын ойым жоқ. Солай шешім қабылдап отырмын. Бір қызымды балабақшаға беремін, екіншісіне қарайлайтын адам тауып, жұмысқа шықсам деген ойдамын. Ары қарай күйеуімнің қорлығына шыдауға шамам да жоқ, әбден шаршадым. Мені үйінен шығармай, басыма орамал таққызып, ұзын көйлек кигізіп, құл ретінде ұстағысы келеді, – деп аяқтады сөзін кейіпкеріміз Жамал.

Әңгімелескен

Жанна Ақбергенқызы

Жанна Ақбергенқызы
Тегтер: Без Тега