Қорғаныс министрлігінде қаржылық бұзушылықтар анықталды: 50 әскери бөлім тексеріліп жатыр
Қазақстанның Қорғаныс министрлігінде жүргізілген бұрынғы тексерістер кезінде бірқатар қаржылық бұзушылық анықталған.
Қазір 50 әскери бөлімде аудит жүріп жатыр. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Тәкиев Үкімет отырысынан кейінгі брифингте мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бюджет қаражаты мемлекеттік органдардың қажеттіліктері мен жоспарланған бағдарламаларына сәйкес бөлінеді. Ал оның қаншалықты тиімді жұмсалғаны аудит арқылы тексеріледі.
"Қаржы министрлігінде Ішкі мемлекеттік аудит комитеті бар. 2023 жылы тексеріс жүргізілді. 2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша да аудит өтті. Оның барысында бірқатар бұзушылық анықталды. Бұл туралы есеп бергенбіз", – деді Мәди Тәкиев.
Қазір Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды тексеру үшін арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Оның құрамына Қаржы министрлігінің өкілдері де кірген. Ведомство тексеріске 61 аудитор бөлген. Олар қазіргі уақытта 50 әскери бөлімнің жұмысын тексеріп жатыр.
Министрдің сөзінше, аудит аяқталғаннан кейін оның нәтижесі жарияланады.
Сондай-ақ Мәди Тәкиев тексеріс кезінде бюджет қаражаты жұмсалғанымен, қажетті жабдықтар жеткізілмегені анықталса, тиісті материалдар басқа құзыретті органдарға жолданатынын айтты. Одан кейін олар өз құзыреті аясында тексеріс жүргізеді.