Саясат

Қуғынға ұшыраған Бекмаханов қана емес...

«Тарихты жеңген халық жазады» деген сөз бар. Қате емес, бірақ аздап толықтыру керек сияқты.

Jasalash.kz

«Тарихты жеңген немесе отырықшы халық жазады». Өйткені халқымыздың тарихына байланысты біздің қолда тасқа басылған ескерткіштерімізден өзге жазба жоқтың қасы. Сондықтан тарихымызды көршілес елдердің жылнамалары мен архивтерінен іздеп әлекпіз. Бұл ізденіс әлі біткен жоқ. Кеңестік идеологияға былғанып, тәуелсіздік кезінде біраз бұрмаланған тарихымызды тазартқанша қазақтың «жаңа тарихы» жазыла бермек. «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» академиялық басылымының жеті томдығы да кезекті «тазарып» шыққан еңбек деп білеміз. Осы тақырып аясында Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі  т.ғ.д., профессор З. Е. Қабылдинов мырзаға бірнеше сауал жолдап едік.

– Аға, өз қолымызда жазба деректердің аз екені белгілі. Жалпы, біздің ескі дәуірдегі тарихымыз қайда сақталған?

Ұлы далада 5 000 жылдан астам уақыт бойы көшпелі мал шаруашылығының кең тарағанын ескере отырып, біздің ежелгі және орта ғасырлық тарихымыз ең алдымен көптеген отырықшы өркениеттердің – Грекия, Италия, Қытай, Парсы елдерінің еңбектерінде қамтылғандығын айта кеткен жөн. Орта ғасырлық Түркі қағанаттарының гүлдену кезеңінде ата-бабаларымыз мәңгілік тас стеллаларға төл тарихымызды қашап жазған. Тарихымыздың бір кезеңдері ислам дінінің әсерінен араб графикасымен де жазылды. 

– Дала туралы батыс ғалымдары не дейді? Біз білмейтін қандай деректер бар?

АҚШ, неміс, орыс, француз, ағылшын, поляк ғалымдары мен саяхатшылары біз туралы құнды жазбашалар қалдырды. Біздің территориямыз Еуропалық карталардың көбінде XVI ғ. бастап «Қазақ», «Еркін түркілер елі», «Тәуелсіз қазақтар елі», «Қазақ Ордасы» деп атала бастағаны көрсетілген. Тіпті Солтүстік мұзды мұхит олардың карталарында «Түркі», кейде «Татар» теңізі болып берілген. Бұл біздің аты аңызға айналған бабаларымыздың игерген ұлан-ғайыр кеңістікті көрсетеді.

Француздың ағартушы философы Ш.Монтескьенің: «Әлемде бірде-бір халық даңқы жағынан да, ұлылығымен де татарлардан (түркілер – авт.) асып түспеді… Осындай жеңімпаз халыққа өз тарихын дәріптейтін тарихшылар ғана жетіспейді. Қаншама таңғажайып тарихи оқиғалар жазылмай қалды! Олар қаншама империя құрды, олардың шығу тегі бізге беймәлім! Мәңгілік жеңістеріне сенімді бұл жауынгер халық өткен даңқты тарихын болашаққа мұра қылып қалдыруды ойламады», – деген пікірімен келіспеске болмас деп ойлаймыз.

Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда ел президенті тарихтың жаңа жеті томдығы жайында айтты. Бұл істің Тарих және Археология институттарына тапсырылғанын да білеміз...

Түркістандағы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазақстан тарихының жаңа ғылыми ұстанымдарға сай әзірленген көп томдық жинағы әлі күнге дейін жарыққа шыққан жоқ.Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы бастама көтердім. Бұл жұмысқа еліміздің және шетелдің бір топ ғалымдары жұмыла кірісті. Ежелгі заманнан бүгінге дейінгі аралықты қамтитын жеті томдық жинақты әзірлеу үшін біраз шаруа атқарылды… Бір сөзбен айтсақ, жеті томдық еңбекте еліміздің шынайы шежіресі толығымен жазылуы қажет», – деп Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қолға алған стратегиялық маңызы бар «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» академиялық басылымын жеті томдық етіп әзірлеу жобасы жайлы атап өтті. Тасқа қашалған тұңғиық тарихымызды тереңнен талдап, ұлттық болмысымызды сақтап қалу – келешек ұрпақ алдындағы айнымас парызымыз.

Естеріңізде болса президентіміздің 2021 жылдың басында «Тәуелсіздік – бәрінен де биік» бағдарламалық мақаласы жарық көрген еді. Сонда Қазақстан тарихы бойынша жаңа академиялық басылым дайындауға баса назар аударылған.

Осыған орай, 2021 жылдың шілде айының басынан бастап осы бірегей басылым бойынша жұмыс басталды. Көптомдық жұмыстың 7 томнан тұратынын және 3 тілде жазылатынын, сондай-ақ 2-ақ жыл берілген уақыт тығыздығын ескере отырып, 300-ден астам маман, оның ішінде 12 елден беделді шетелдік ғалымдар мен 10-нан астам әлеуметтік-гуманитарлық мамандықтардың өкілдері жұмылдырылды.

Біздің институт – тарих ғылымының қара шаңырағы. 1945 жылы  құрылған. Институтымызда ежелгі дәуірден бастап бүгінгі күнді зерттейтін білікті мамандар бар. Бұрынғы бестомдықтарды біздің институт құрастырған. Дегенмен мамандар тапшылығына орай аталған бағыттардағы ғалымдарды біз басқа мекеме және басқа елдерден шақырдық. Мысалы, 2 томның авторлар ұжымына 6 шетелдік автор кіреді. Кейбір ғалымдардың Хирш индекс көрсеткіші өте жоғары. Ал 3-том авторларының ішінде шетелдік орындаушылардың саны 24 маманды құрайды.

Мысалы, XVI-XIX ғасырлардағы Еуропа және Америка карталарын жетік білетін белгілі картограф Мұхит Сыдықназаров, Питер Голден (АҚШ), Гарвард университетінің атақты ғалымы Нұрлан Кенжеахмет, Ресейдің әйгілі тарихшысы А.Қадырбаев (Ресей), көрнекті ғалым, Алаш қозғалысының танымал маманы Томохико Уяма (Жапония), жаңа заман кезеңінің белді тарихшысы Владимир Тепкеев (Қалмақия), Ахмет Ташагыл (Түркия), Әлихан Бөкейхан туралы кітаптың авторы Виктор Козодой (Ресей) және т.б. ірі ғалымдар әлемнің түкпір-түкпірінен аталмыш үлкен жобаға қатысуда.   

– Жалпы, жаңа тарихи академиялық көптомдық еңбектің жазылуына президент сөзінің түрткі болғанын білдік. Бірақ бұл еңбек осынша аз уақыт ішінде жазылуы керек пе еді? Тағы басқа қандай себептер бар?

Қоғамдағы шынайы да объективті тарихымызды бұрмалаусыз, жалған ақпараттарсыз, коммунистік және кеңестік идеологиясыз жазуды талап ететін пікірлердің артуы себеп болды десек болатын шығар.

Соңғы уақытта әлемдік геосаяси жағдай өзгерді: біздің бай тарихымыз бен сан ғасырлық мемлекеттілігімізді жоққа шығарып, күмән келтіретін сауатсыз саясаткерлердің үні естіліп жатыр. Терең тарихымызды өз ыңғайына қарай жаза беретін әуесқой шолақ белсенділер де пайда болды. 

Бізге әлемнің түкпір-түкпірінен туристер мен ғылыми және іскер топ өкілдері келетіндей Қазақстан айтарлықтай ашық елге айналды. Қастерлі Отанымызға, оның бірегей тарихы мен мәдениетіне дүниежүзі елдері қызығушылық танытуда. Димаш, Самал, Иманбек, Геннадий, Жәнібек сынды әлемге танымал шоу-бизнес пен спорт өкілдері Қазақстанға әлем назарын аудартты. Осы тұрғыда тарихымызға қатысты академиялық көптомдықты шығару уақыт күттірмес стратегиялық маңызы бар іс-шара деп білеміз. 

– Академиялық көптомдықты ұйымдастыру жұмыстары қалай жүргізілді?

Аталған жобаны ұйымдастыру жұмыстары ретінде көптомдық кітаптың тұжырымдамасы мен әр томның құрылымы жасалып, бірқатар пікірталас семинарлар мен конференциялар өткізілді. Негізгі орындаушылар ретінде отандық 6 жетекші ғылыми-зерттеу институттары: А.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, Халықаралық Түркі академиясы, Жошы ұлысын зерттеу институты», Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Мемлекет тарихы институты тартылды. Біздің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қабырғасында стратегиялық маңызы бар «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» академиялық басылымның жеті томдық етіп әзірлеу орталығы құрылды.   

– Қазақстан тарихының жаңа жеті томдығының маңызы мен мақсаты қандай? Қандай нәтиже күтілуде?

Бұл жобаның басты мақсаты – Қазақстан халқының көне дәуірден бүгінгі күнге дейінгі саяси-экономикалық және этнодемографиялық тарихының үдерістерін бейнелейтін тарих ғылымының жаңа жетістіктері негізінде ұлттық тарих бойынша 7 томдық академиялық басылым әзірлеу екендігі белгілі.

Бұл жобаны әзірлеу нәтижесінде отандық және шетелдік ғылымдар, қоғам қайраткерлері мен саясат өкілдері Қазақстан тарихы туралы нақты түсінікке ие болуы керек. Мәселен, қазақтардың тарихи тамыры терең әрі бірегей тарихи тағдыры бар, өзінің территориясы бар, тілі мен мәдениеті біртұтас автохтонды халық екендігін білулері өте маңызды.

Бұл басылым Қазақстан тарихы бойынша жаңа мемлекеттік білім стандартын, сондай-ақ мектептер мен жоғары оқу орындарының жалпы білім беретін оқу бағдарламаларына арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді қалыптастыруға ғылыми негіз болары анық. 

– Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан тарихына байланысты бірнеше академиялық көптомдық жарыққа шықты. Бұл ғылыми еңбектің қандай ерекшеліктері бар?

Біріншіден, объективті және субъективті қиындықтарға қарамастан, алдыңғы көптомдықтардың дайындалғанына 10 жылға жуық уақыт жұмсалды. Ал біздікі 2 жыл ішінде дайындалды. Жаңа көптомдық бұрынғы аналогтардан айтарлықтай ерекшеленеді.  

Екіншіден, алдынғы академиялық басылым 5 томнан тұратын болса, бұл жолы 7 томнан тұрады. Мысалы, орта ғасыр дәуірі 3 томға бөлінді: «Түркі қағанаттары кезеңі»; «Жошы ұлысы дәуірі»; «Қазақ хандығы дәуірі». Бұл қисынды да. Мысалы, бұрындары 1250 жылға жуық тарихымызды тек 1 томға ғана сыйдырып жіберген болса, ал Кеңестік кезең мен тәуелсіздік дәуірінің әрқайсысына бір-бір томнан берілген болатын.  

Үшіншіден, кітап үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын) басылып шығады. Қазақстанның әлемдік ғылым-білім, мәдени және экономикалық кеңістікке енуі  мен жаһандану жағдайында әрі дұрыс, әрі ұтымды шешім. Көптомдықты «Cambridge University Press» базасында ағылшын тілінде шығару жоспарлануда. Бұл тұрғыда тәжірибеміз де бар: 2020 жылы әлемнің жетекші университетінің базасында институт «Шоқан Уәлихановтың таңдамалы шығармаларын» ағылшын тілінде басып шығарды.  

Төртіншіден, кітапқа этнологиялық сипаттағы мәтіндер, лингвистика, әдебиет, картография бойынша бұрынғы көптомдықтарда іс жүзінде болмаған материалдар енгізіледі. Бұл дәстүрлі аңшылық, балық аулау, мал шаруашылығы, жайылым, ұлттық тамақтар, дәстүрлі ветеринария мен медицина және т.б. біздің тарихымызды толық әрі тартымды етеді. 

Бесіншіден, біздің тарихымызды одан әрі үйлесімді және көп жанрлы ететін көптеген жаңа абзацтар болады. Мысалы, 5-томда (XVIII-XX ғ. басы) белгілі тарихи тұлғаларға (Әбілмәмбет хан, Уәли хан, Жантөре хан, Арынғазы хан, Бөкей Барақханов, Әлихан Бөкейхан, Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Мәшһүр Кенішұлы, т.б.) қатысты жаңа абзацтар пайда болды, онсыз – қазақ мемлекеттілігі бірте-бірте біраз уақытқа жойылған осы күрделі де қайшылықты дәуірді көрсету іс жүзінде мүмкін емес. 

Шаруа басшылары, тархандар, аудармашылар және т.б. институттар жайлы бірегей абзацтар пайда болды. Бұған дейін «Ертістің он версттік белдеуінің», Ертістің оң жағалауындағы «Семей ішкі округінің» құрылу тарихы, патша билігінің Новоишим (1752), Новоилецкий (1810) және Новолинейный (1835) облыстарынан бас тартуы туралы жеке параграфтар болмаған.

Ал енді 6 томда (1917-1991) Кеңестік кезеңнің жаңаша түсіндірмесі пайда болады: байлар мен кулактардың жойылуы; көшпелілердің отырықшылыққа ұшырауы; мұсылман және православиелік дін басыларының қудалануы; Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан, Молдовадан 360 мыңға жуық кулактың Қазақстанға жер аударылуы; соғысқа дейінгі жылдарда республика азаматтары арасынан Қызыл Армия бөлімшелерінің құрылуы; Қазақстандағы әскери тұтқындар лагерьлері мен саяси тұтқындарға арналған концлагерьлер салынуы секілді тақырыптар да назардан тыс қалмады. 

Алтыншыдан, Қазақстанның жаңа академиялық тарихын жазуға әртүрлі бағыттағы мамандар – популяциялық генетиктер, физикалық антропологтар және палеогенетика (биология ғылымының өкілдері), өз жұмыстарында жаратылыстану ғылымының әдістерін пайдаланатын археологтар (физика әдісі, хронологияны радиокөміртекті тәсілдермен анықтау әдістері, т.б.), Қазақстан экономикасының дамуы туралы жазатын экономистер, заңгерлер, т.б. жұмылдырылды. Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ғылым комитетінің көмегімен Ұлттық фотоматериалдар мұражайы мен Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мұрағатының қорларынан құжаттарды көшіріп алуға мүмкіндік туды.

– Жалпы, кеңес заманында тарихшыларға қысым көп көрсетілгенін айтамыз. Бірақ тереңдеп келгенде Бекмахановтан өзге тарихшыны, оның ішінде қудаланған тарихшыларды білмейді екенбіз…

Соғыстан кейінгі зиялы қауымның қуғын-сүргінге ұшырауы республикамызға орны толмас соққы берді. Кеңес одағы кезінде алғаш Қазақстан тарихының академиялық басылымын әзірлеу де қазақ тарихшы ғалымдарына оңайға соқпады. Қазақ КСР КП хатшысы М.Әбдіхалықов пен А.М.Панкратованың жалпы редакциясымен қазақ тарихшылары және республика астанасына эвакуацияланған орыс тарихшыларының қатысуымен 1943 жылы Қазақстан тарихы бойынша жалпылама академиялық еңбек жазуға алғашқы талпыныс жасалды. Кеңестік цензура мен қатаң партиялық қысым жағдайында халқымыздың объективті де шынайы тарихын жазу жолындағы авторлар ұжымының алғашқы қадамдары Орталық тарапынан аяусыз сынға ұшырады. Екі томдық болып академиялық басылымның қайта баспадан шығуы 1957-1959 жылдары да сәтсіз аяқталды: сәл кейінірек, ғылыми еңбекті жазуға қатысқан көптеген қазақ ғалымдары әртүрлі кедергілерге тап болып, аяусыз саяси қуғынға ұшырады.

Мәселен, Е.Бекмаханов саяси қуғын-сүргін лагерінен оралысымен республикаға тағайындалған партия қызметкерлерінің айтқанымен тарих жазуға мәжбүр болды. Қазақ зиялы қауымының ішінде Е.Бекмаханов секілді Е. Ділмұхамедов та сұрқия саясат қыспағына түсті. ҚР ҒК БЖҒМ мұрағат (108-қ.1-т. 32-іс.1-2-п.) құжаттарында Елтоқ Ділмұхамедовтің Кеңестік саяси қуғын-сүргінге ілігіп кеткендігі жазылады. Оның да ғылыми қызметі Е.Бекмахановтай Кенесары Қасымовтың ұлт-азаттық қозғалысына байланысты еді. Е. Ділмұхамедов 1946 ж. 17 желтоқсанда Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінде Кенесары Қасымов бастаған қазақтар көтерілісі туралы кандидаттық диссертация қорғады. Кейінірек, 1951 ж. Жоғарғы аттестаттау комиссиясы К.Қасымов көтерілісін реакциялық қозғалыс деп жариялап, оған ғылым кандидаты ғылыми дәрежесін беру туралы шешімнің күшін жойды. Сондай-ақ Е.Ділмұхамедов Кенесарының реакциялық-монархиялық қозғалысын көрсетуде «саяси қателік» жібергені үшін партиядан шығарылды.     

– Көптомдық еңбекте қандай жаңа тараулар мен материалдар пайда болды?

Иә, жаңа тараулар мен материалдар саны өте көп. XVIII ғасыр мен XX ғасырдың басындағы оқиғаларды қамтитын 5-томға сәйкес мысал келтіре кетейін. Тарауларды жаңартуға қатысты көптеген өзгерістер орын алды: «Орынбор («Қырғыз-қайсақ») экспедициясының қызметі», «Қазақ хандығының Цин империясымен елшілік қарым-қатынасы», «Қазақ хандарының расталуы: жаңа императорлық тәжірибе», «Әбілмәмбет ханның ішкі және сыртқы саясаты», «Орта жүздің ханы Уәли (1281 ж.), Дәстүрлі билер соты және оның қайта құрылуы» 1781 ж. Қазақ қоғамындағы тарханизм (XVIII-XIX ғғ.)», «Қазақтардың шекара сызығының ішкі жағына өтуіне тыйым салудың идеологиясы мен тәжірибесі», «Новоишимская (Горький) шебі – қазақ даласын әскери отарлаудың жаңа кезеңі (1752 ж.), «Ресей империясының Ертістің сол жағалауындағы 10 версттік белдеуін басып алуы (1765 ж.), «Патша әкімшілігінің Кіші жүздегі құнарлы жерлерді басып алу және 1810-1822 жылдардағы Ново-Илецк шекара сызығын салу жөніндегі саясаты», «1835 жылы Новолиненый (Новооренбург) округінің құрылуы», «Сұлтан Ғұбайдолла Уәлихановтың Орта жүзде хандық билікті жоюға қарсылығы», «Сыздық сұлтан бастаған ұлт-азаттық күрес», «Семей ішкі округінің құрылуы (1854)», «Ресей империясы Құланды даласын көшпелі қазақтарға беруі (1880)», «Әлихан Бөкейханов – Алаш үкіметінің негізін қалаушы және басшысы», «Қажымұқан – грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы». 

З. Қабылдинов

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және

этнология институтының директоры

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі

т.ғ.д., профессор

Досхан Жылқыбай
Тегтер: Без Тега