Құлдықтан қашқан ақтөбелік екі аяғынан айрылған
Ақтөбенің 48 жастағы тұрғыны құлдықта болып, азапты күндерді бастан өткерген. Есенбол ДҮЙСЕНОВ құлдықтан қашып шөп-шалам жеуге мәжбүр болған.
Аман құтылғанымен екі аяғынан айрылып қалған. Бұл туралы өңірдегі zhasalash.kz сайтының тілшісі Зада ЗЕЙІН хабарлайды.
Есенбол Дүйсенов 2018 жылдың 3-ақпанда Серік деген танысын кездестіріп қалады. Ол Әйтеке би ауданындағы шаруа қожалықтарының біріне малшыға көмекші керек екенін айтыпты. Айлығы 30 мың теңге деген соң, Есенбол келісе кетеді.-Серік өзі сол қожалықта үш жыл жұмыс істедім, адам керек деген соң, уақытша барайын дедім. Алыс па деп едім, жоқ деді. Таксимен бардық, Сосын Әйтеке биден әрі қарай тағы жүрдік. Бір қарт кісі күтіп алды. Омар деп таныстырды өзін. Малды қарап, жем-шөбін, суын беріп, астын тазартып тұрасың деді. 3-ақпаннан 23-наурызға дейін жұмыс істедім. Бір айға жуықтап қалғанда, қалаға қайтуым керек деп, айлығымды сұрадым. Беретін түрлері жоқ. Әрі-бері айтып едім, қожайын да тыңдайтын емес. Орныңа қалатын адам жоқ, күт деп қоймады. Әрі-беріден соң таяқпен қолымнан, басымнан, аяғымнан ұрып, көгала торғайдай етіп қоятын болды. Содан қашуға оқталғам, «снегоходпен» артымнан қуалап жүріп, ұстап алды. Бір күні ебін тауып, қашып кеттім,- дейді Есенбол Дүйсенов.Еңбектеніп тапқан жалақысын ала алмаған азамат басы ауған жаққа жүре береді. Иен далада арып-ашып, нәр татпаған соң, амалсыз шөп-шаламды қорек етіп, қар суын ерітіп ішуге мәжбүр болыпты. Екі апта дегенде жол бойында кетіп бара жатқан көліктің даусын естіп, қолын сермей береді. Көретін жарығы бар екен, жолшыбай кетіп бара жатқан геологтар аш-жалаңаш Есенболды көліктеріне мінгізіп, Хромтау ауданына жеткізген. Ауруханада дәрігерлер туыстарына хабар берген.Фотолар автордікі