Әлеумет

Қырғызстанда жер көшкіні қаупінен 11 адам эвакуацияланды

Қырғызстанның Ош облысында жер көшкіні қаупіне байланысты екі отбасының 11 мүшесі қауіпсіз жерге көшірілді.

Фото kabarlar.org

 Мамандар елді мекен орналасқан аумақтың басым бөлігі табиғи апат қаупі жоғары аймаққа жататынын мәлімдеді.

Оқиға 10 қазанда Ош облысының Қара-Құлжа ауданына қарасты Тоғыз-Бұлақ ауылында болған. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, аталған аумақта жер қыртысы қозғалып, көшкін жүру қаупі туындаған.

Мамандардың тексеруі кезінде жердегі жарықтың ұзындығы 220 метрге жеткені анықталған. Ал қозғалысқа түскен топырақ көлемі шамамен 42 800 текше метрді құрайды. Жер массасының жылжу жылдамдығы сағатына 1,1 метрге дейін жеткен.

Қауіптің күшеюіне байланысты жергілікті билік екі отбасының 11 мүшесін эвакуациялаған. Олар уақытша туыстарының үйлеріне орналастырылған.

Жергілікті әкімшілік басшысы Жамшитбек Бакировтың айтуынша, ауылдық аймақ аумағының шамамен 90 пайызы табиғи апат қаупі жоғары аумаққа жатады.

Алдын ала болжам бойынша, жер көшкінінің белсенділенуіне жол құрылысы кезінде тау етегінен топырақ пен басқа да материалдардың алынуы әсер етуі мүмкін. Алайда табиғи құбылыстың нақты себебі әзірге анықталған жоқ.

Қазіргі уақытта төтенше жағдайлар қызметінің мамандары қауіпті аумақты бақылауға алып, жер қыртысының қозғалысын қадағалап отыр.

Қырғызстанның таулы өңірлерінде жер көшкіні жиі кездеседі. Әсіресе Ош, Жалал-Абад және Баткен облыстарында мұндай табиғи құбылыстар елді мекендер мен жол инфрақұрылымына қауіп төндіреді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Қырғызстан