Қоғам

Қырғызстаннан келген студенттер Қазақстандағы заңсыз ойын бизнесіне тартылған

Алматыда үш тұрғынның цифрлық активтерді заңсыз айналымға енгізіп, онлайн-казинолардың қаржылық операцияларына көмектескені анықталды.

ашық дереккөзден

Қылмыстық схемаға Қырғызстан азаматтарының банк шоттары тартылған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті тергеуді аяқтап, істі сотқа жолдады. Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер криптовалютамен заңсыз операция жасау үшін дропперлер желісін құрған.

Олар делдалдар арқылы Қырғызстаннан, негізінен студенттер мен қаржылық қиындыққа тап болған жастарды тартқан. Шетел азаматтарының Қазақстанға келу ақысын төлеп, баспана, тамақ, телефон және SIM-карта берген. Ал олар сыйақы үшін өздерінің банк шоттарына қол жеткізу құқығын ұсынып, кейін еліне қайтып отырған.

Кейін бұл шоттар тиісті лицензиясыз USDT криптовалютасын сатып алу және сату үшін пайдаланылған.

Сонымен қатар күдіктілер "SkyPhoenix" халықаралық төлем платформасы арқылы "Pinco", "Pinup", "Nomad Games", "Sultan Games" және өзге де онлайн-казинолардың қаржы операцияларын жүргізуге көмектескен. Атап айтқанда, ойыншылардан төлем қабылдап, ұтыстарды аударған. Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылардың табысын криптовалютаға айырбастап, шығарып беруді де қамтамасыз еткен.

Бұл қызметі үшін олар айналымдағы қаражаттың 4 пайызын алып отырған. Дропперлердің банк шоттарына түскен ақшаның жалпы көлемі 3,6 млрд теңгеден асқан.

Екі күдіктіге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Сот санкциясымен үш автокөлік пен жер учаскесіне тыйым салынды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге деректері жарияланбайды.

Сайт Әкімшілігі