Саясат

Қытай бастаған BRICS АҚШ-тың үстемдігін тоқтатпақ

Тамыз айының 22-24 күндері Оңтүстік Африканың Йоханнесбург қаласында BRICS (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка) бірлестігіне мүше елдері басшыларының XV саммиті өтті.

Jasalash.kz

Жер шарының төрттен біріне ие осы бес ел адамзаттың да 40 пайызын сыйдырып отырған экономикалық әлеуеті зор күш. Саммиттің соңғы күні ұйым тағы 6 елді қатарға қосуға уағдаласты. Әлемдік ақпарат құралдары BRICS G7 (АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Италия, Канада, Франция және Еуропа Одағы) деп аталатын «Үлкен жетілік» елдерінің клубын біржола тұқыртпаққа ниетті екенін жазып жатыр.

Оңтүстік Африкадағы BRICS саммитінің ең басты жаңалығы – Ресей президенті Владимир Путиннің Йоханнесбургке бармауы. 17 наурызда Гаагадағы халықаралық қылмыстық сот Украинадағы соғысқа байланысты Путинді тұтқындауға ордер берген соң Ресей басшысының өрісі тарыла түскен. 1998 жылы қабылданған Рим статуты атты халықаралық қылмыстық істер жөніндегі құжатқа қол қойып, мөрін басқан Оңтүстік Африка қанша қаласа да Путинді алдыра алмады. Алдырса – тұтқындауға тура келеді, тұтқындамаса – халықаралық шартты орындамай өзі жазықты болады. «Былай тартса – өгіз, былай тартса – арба сынатын» болған соң саммит иесі Кремль қожасын онлайн қосылуға көндірді. Өзге президенттер қызыл кілеммен жүріп, аста-төк дастарханнан дәм татып, бірін бірі құшақтап, суретке түсіп жатқанда Путин өз орнына сыртқы істер министрі Сергей Лавровты жіберіп, өзі алдындағы видеокамераға қарап қана отыруды қанағат қылды.

Саммиттің алғашқы күні, 22 тамызда алдын ала жоспарда көрсетілсе де Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің бизнес форумға қатыспауын жаһанның ақпарат құралдары жарыса жазды. Африканың ыстық ауасы жақпады ма, әлде саяси әккі қадамы ма – онысы да түсініксіз. Бизнес форумға тіпті Путин де қатысып, сөз сөйледі. CNN  телеарнасына берген сұхбатында China Power Project халықаралық зерттеу оралығының сарапшысы Брайан Харт Си Цзиньпиннің бұл әрекетіне екі түрлі себеп болуы мүмкін екенін айтқан.  

Біріншісі – денсаулық жағдайы. Бірақ бизнес форум алдында Оңтүсік Африка президентімен жеке кездескен және форумнан кейінгі іс-шараларға да қатысқан Қытай басшысының басы ауырып, балтыры сыздап тұрғанға ұқсамайды.

Екінші себеп – өте бір тығыз мәселе. Харттың сөзінше, әдетте Қытай басшылары  BRICS сияқты Пекин үшін аса маңызды ұйымның негізгі жиындарына міндетті түрде қатысатын және күні бұрын әзірленген протоколды кенет бұза бермейтін. Қалай болғанда да Йоханнесбургтегі саммитке бір күн бұрын, дүйсенбіде жеткен Си Цзиньпиннің оқыс әрекеті жауапсыз қалды. Ресми Пекин де оның себебін түсіндірген жоқ. Қытай басшысының баяндамасын қағазға қарап отырып сауда министрі оқып берді. Мәтіннің мазмұны АҚШ-тың гегамониясына тосқауыл қою сарынында. Си Цзиньпин сөзінше, Қытай экономикасың алып кемесі жойқын толқын тудырып, алға қарай жүзе береді және оған ешкім кедергі бола алмайды. Осы мәндегі сөзді саммиттің екінші күні пленарлық отырыста Ресей президенті Владимир Путин де қайталады. Ол «жаһанды уысында ұстағысы келген әлдебір елдің кесірінен Украина дағдарысы басталды» деп АҚШ-ты айыптады. Мұндай саяси салмағы ауыр мәлімдемелер айтылған саммитте Бразилия президенті Лула да Силва Қытай мен Ресей басшыларының ықпалына жығыла қойған жоқ. Ол «АҚШ пен Еуропаға бәсекелес боламыз дап жауығып кетпейік» дейтін мазмұнда сөйледі. Бірақ одақ елдерінің сауда-саттығын жеңілдету үшін ортақ валюта енгізуді ұсынды.

BRICS одағына мүше елдер басшыларының биылғы саммитінің мақсаты – ұйымның ауқымын кеңейтіп, ықпалын арттыру. Йоханнесбургтегі саммитке Оңтүстік Африка билігі Латын Америкасы, Африка құрлығы мен Азия елдерінен жиыны 67 мемлекеттің басшыларын шақырған. 14 жылдан бері бар одаққа мүше болуға деген ұмтылыс екі жыл бұрынғы пандемиядан соң күрт көбейген. 22 мемлекет ресми түрде өтініш жолдаған, тағы 20 ел ынталы екенін аңғартқан. Саммиттің соңғы күнінде ұйымның ақылдастар алқасы 11 сағат бойы келіссөз өткізіп, ақыры BRICS құрамына Аргентина, Сауда Арабиясы, БАӘ, Иран, Египет пен Ефиопия алтауын қабылдауға уағдаласқан. Оңтүстік Африка президенті Сирил Рамафоса алты ел келесі жылдың 1 маусымынан бастап одаққа толыққанды мүше боп кіретінін мәлімдеді. Financial Times басылымы өз дереккөзіне сілтеп, одақ құрамына қабылданатын жаңа мүшелердің құқығы «ақсақалдармен» (бұрынғы мүшелері – ред.) тең болмауы мүмкін деп жазды. Өйткені, кеңеюуге бейіл екенін танытса да жетекші бес елдің кейбірі жаңа мүшелердің кесірінен түрлі мәселеде біраз ықпалынан айырылып қалудан қауіптенеді.    

Үшінші әлем елдерінің BRICS экономикалық одағына қызығушылығын сарапшылар негізгі екі түрлі себеппен байланыстырады. Ең алдымен BRICS – АҚШ бастаған батыс елдері жетекшілік ететін өзге одақтарға альтернатива. Екіншіден, Африка мен Азияның, Оңтүстік Американың артта қалған мемлекеттері одақтың жетекші елі Қытайдың несиесіне мұқтаж. Қытайдың несие шарты Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің шарттарындай емес, жеңіл, ақшасын берген Пекин адам құқығы, демократия принциптері туралы сандаған міндеттерді қоса артпайды дейді сарапшылар.

Халықаралық валюта қорының дерегінше, BRICS елдерінің жаһан экономикасындағы ішкі жалпы өнім бойынша үлесі 30 пайыздан асып, дамыған G7 көрсеткішінен озған. Соңғы 30 жылдың дерегін салыстырғанда BRICS елдері өрлеп, G7 мүшелері еңіске құлдырап бара жатқандай көрінеді. 1992 жылы (одақ құрылмай тұрып) бес елдің әлемдегі үлесі 16 пайыз болса, 2022 жылы ол 32 пайызға жеткен. Ал G7 елдерінің 45 пайыз көрсеткіші, керісінше 30-ға дейін түскен. Алайда, АҚШ пен Еуропаның әлі де қуатты күші барын, жаһанға ықпалы зор екенін BRICS жақсы түсінеді. Сондықтан да олар одақтың ауқымын кеңейтуге мүдделі. 23 тамыз күні өткен пленарлық отырыста одақ елдерінің басшылары осы мәселе төңірегінде ұқсас мәлімдеме жасасты. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Си Цзиньпин одақтың New Development Bank (Жаңа даму банкі – ред.) қаржы орталығын күшейтуді және одаққа кіргісі келген елдердің кеудесінен итермеуді ұсынған. Өзге президенттер де Қытай басшысының сөзін жерге қалдырмаған. Қытай төрағасы атап өткен BRICS банкі 2015 жылы Шаңхайда пайда болды. Қазір банк капиталы 50 миллиард долларға жетеді. Банк соңғы 7 жылда дамушы елдерге 30 миллиард доллар несие берген. Бұл Дүниежүзілік банк көрсеткішінен әлдеқайда төмен. Мәселен, Дүниежүзілік банк таратқан несие 2022 жылы 100 миллиард доллардан асқан.

Кеңеюге, АҚШ пен Еуропаның үстемдігінен біржола құтылуға бейіл екенін көрсетсе де BRICS одағына мүше елдердің өзара қарым-қатынасы тонның ішкі бауындай деуге келмейді. Мәселен, Қытай мен Үндістанның арасында талайдан бері шешімін таппай келе жатқан даулы мәселелер аз емес. Екі елдің демаркацияланбаған шекарасындағы қақтығыстардың өзі талай дауға себеп болған. Соңғы рет 2020 жылы жазда үнді-қытай сарбаздары атысып, екі жақтан да ондаған жауынгер мерт болған. Кейбір сарапшылар, шекарадағы мұндай жанжалдар көрші екі мемлекетті 1962 жылғы қақтығыстан да үлкен соғысқа итермелеуі мүмкін екенін айтты. 50 жыл бұрынғы жанжалда екі елде де ядролық қару жоқ еді. Ендігі қақтығыстың зардабы мен құны екі жаққа да тым ауыр салмақ. Бұның сыртында, Пекин мен Делидің ғарышты игеру саласындағы жарысы, ядролық қару төңірегіндегі бақталастығы және экономикалық үстемдікке таласы – екі қошқардың басын бір қазанға оңай сыйдыра қоюы екіталай. Оның үстіне, саяси мәселелер төңірегінде Үндістан қазір көбіне Қытайдан гөрі Батысқа, оның ішінде Ұлыбритания мен АҚШ-қа жақын.

Бразилияның да ішкі мәселесі өзіне жеткілікті. Мол табиғи байлыққа ие болса да кедейі көп мемлектте шешімін таппаған проблема шаш етектен. Бір кездері Ұлыбритания отары болған Оңтүстік Африканың өзінде де саяси-экономикалық тұрғыда Қытайдан гөрі АҚШ-қа, Еуропаға бүйрегі бұрып тұратын оппозициясы да күшті. Ал Ресейдің жайы қазір қиын. Батыс санкцияларына белшесінен батқан Мәскеу сауда-саттық үшін балама іздеп әлек. Батыс қақпасын тұтас жапқан соң өңешін шығысқа қарай созған Кремльге одақтастарының құшақ жайып отырмағаны түсінікті. Қытайдың да, Үндістан мен Бразилияның да саяси-экономикалық жағынан Ресеймен біраз пікірі үндессе де саяси-экономикалық қуаты күшті АҚШ-Еуропа тандеміне ашық қарсылықтан сақсынатыны белгілі.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Без Тега