Қытай тыңшысы төңірегіндегі даудан кейін қызметінен кеткен Nvidia басшысы қайта оралмақ – FT
Қытай тыңшысы төңірегіндегі даудан кейін қызметінен кеткен Nvidia басшысы қайта оралмақ
Америкалық Nvidia компаниясының негізін қалаушы Дженсен Хуанг бас директор қызметіне қайта оралу мүмкіндігін талқылап жатыр. Бірнеше күн бұрын жеке өміріне қатысты жанжалдан кейін отставкаға кеткен миллиардерді Кремний алқабындағы ықпалды кәсіпкерлер қолдап отыр.
Financial Times дереккөздерінің мәліметінше, Хуанг өзіне жақын адамдармен компания басшылығына қайта оралу жолдарын талқылаған. Оның жақтастары Nvidia директорлар кеңесін бұрынғы бас директорды қызметіне қайтаруға көндіру үшін арнайы топ құрып жатыр.
Басылымның хабарлауынша, бұл бастамаға Кремний алқабындағы ірі технологиялық компаниялардың басшыларын тарту көзделген. Хуангтың жақтастары Ақ үйдің де қолдауына ие болуға үміттенеді.
15 қарашада миллиардерді қызметіне қайтару жөніндегі қоғамдық науқан күшейді. Tesla және SpaceX компанияларының басшысы Илон Маск пен Epic Games жетекшісі Тим Суини Хуангты қолдаған ашық хатқа қосылды. Nvidia қызметкерлерінің бір бөлігі де бұрынғы бас директордың оралуын қолдап отыр.
Қытай тыңшысы туралы күдік және отставка
63 жастағы Дженсен Хуанг 12 қарашада Nvidia компаниясының бас директоры, президенті және директорлар кеңесінің мүшесі қызметтерінен кетті.
Оның отставкасына жеке өміріне қатысты жарияланған мәліметтер себеп болды. Америкалық БАҚ Хуангтың сингапурлық Megaspeed компаниясының бұрынғы менеджері Элис Хуангпен некеден тыс қарым-қатынасы болғанын жазды.
Бірқатар ақпарат құралдарының мәліметінше, АҚШ арнайы қызметтері Қытай азаматы Элис Хуангты Бейжіңнің барлау құрылымдарымен байланысы болуы мүмкін деп күдіктенген. Алайда оның Қытай барлауына жұмыс істегені сот арқылы дәлелденген жоқ.
Бұл жағдай Nvidia компаниясының озық жасанды интеллект чиптерінің Қытайға АҚШ енгізген экспорттық шектеулерді айналып өтіп жеткізілуі мүмкін деген алаңдаушылық туғызды.
Бұған қоса, Хуангтың компаниядағы бағынышты қызметкерлерімен жеке қарым-қатынасы туралы да мәліметтер жарияланды. Nvidia директорлар кеңесі отставкаға алып келген жағдайларға байланысты тәуелсіз тексеру жүргізіп жатыр.
Вашингтон Хуангтың оралуына қарсы болуы мүмкін
Financial Times мәліметінше, Хуангты қызметіне қайтару бастамасы АҚШ билігінің қарсылығына тап болуы ықтимал. АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент Nvidia басшылығын түбегейлі жаңарту қажеттігін айтып, жаңа бас директорды компаниядан тыс жерден іздеуге шақырған.
Ал Nvidia директорлар кеңесі британдық Arm Holdings компаниясының басшысы Рене Хаасты ықтимал кандидаттардың бірі ретінде қарастырғаны хабарланды. Қазіргі уақытта Nvidia бас директорының міндетін компанияның қаржы директоры Колетт Кресс уақытша атқарып отыр.
Nvidia миллиардтаған доллар жоғалтты
Хуангтың отставкасы әлемдегі ең ірі технологиялық компаниялардың біріне ауыр соққы болды. Жанжал аясында Nvidia акциялары арзандап, компанияның нарықтық капитализациясы бір апта ішінде шамамен 570 миллиард долларға қысқарды.
13 қарашадағы сауда қорытындысында Nvidia-ның нарықтық құны шамамен 3,92 триллион доллар болды.
Nvidia – жасанды интеллект жүйелеріне қажетті озық графикалық процессорлар мен чиптерді өндіретін әлемдегі жетекші компаниялардың бірі. Дженсен Хуанг оны 1993 жылы құрып, 33 жыл бойы басқарды.
Компания 17 қарашада тоқсандық қаржылық есебін жариялауды жоспарлап отыр. Осыған байланысты инвесторлар Nvidia басшылығындағы өзгерістер мен компанияның алдағы стратегиясын жіті бақылауда.