Әлеумет

Қытаймен шиеленіс күшейген тұста АҚШ Тайваньға F-16 жойғыштарын жеткізе бастады

Қытаймен шиеленіс күшейген тұста АҚШ Тайваньға F-16 жойғыштарын жеткізе бастады

Фото ua.news

АҚШ Тайваньға жаңа буындағы F-16V Block 70 жойғыш ұшақтарын жеткізе бастады. Қытаймен арадағы әскери-саяси шиеленіс күшейген тұста аралға алғашқы бес әскери ұшақ жеткізілді.

Шетелдік БАҚ-тардың мәліметінше, Тайваньға америкалық Lockheed Martin компаниясы шығарған бес жойғыш ұшақ жеткізілген. Оның алғашқы екеуі 2 қазанда, қалған үшеуі 8 қарашада Тайваньның шығысындағы Тайдун округінде орналасқан Чжихан әскери әуе базасына қонған.

Бұл – АҚШ пен Тайвань арасындағы 2019 жылы жасалған ірі қару-жарақ келісімінің бір бөлігі. Вашингтон сол кезде Тайбэйге жалпы құны шамамен 8 миллиард доллар болатын 66 °F-16V Block 70 жойғыш ұшағын сатуды мақұлдаған.

Бастапқы жоспар бойынша әскери ұшақтарды жеткізу 2023 жылы басталып, 2026 жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс еді. Алайда техникалық мәселелер, өндірістегі қиындықтар мен жеткізу тізбегіндегі іркілістер салдарынан келісімнің орындалуы бірнеше жылға кешікті.

Қазіргі уақытта Тайвань тапсырыс берген 66 ұшақтың тек бесеуін алған.

Қытайдың әскери қысымы күшейіп келеді

Жаңа жойғыштардың жеткізілуі Тайвань бұғазындағы әскери-саяси жағдайдың шиеленісуімен тұспа-тұс келіп отыр.

Қытай Тайваньды өз аумағының бір бөлігі деп санайды және оны материкпен біріктіру үшін күш қолдану мүмкіндігін жоққа шығармайды. Ал Тайвань билігі аралдың қорғаныс қабілетін арттырып, АҚШ-пен әскери ынтымақтастықты тереңдетуге ұмтылып отыр.

Axios басылымына пікір білдірген Тайваньның АҚШ-тағы өкілдігінің өкілі аймақ қауіпсіздігіне төнетін қатердің артып келе жатқанын атап өткен. Оның айтуынша, Тайвань қорғаныс әлеуетін нығайтуды жалғастырып, аймақтағы пікірлес серіктестерімен ынтымақтастықты кеңейтеді.

F-16V Block 70 – америкалық F-16 жойғышының жаңартылған нұсқасы. Ол заманауи радиолокациялық жүйелермен, жетілдірілген электроникамен және әуе нысандарын анықтау мен бақылауға арналған жаңа технологиялармен жабдықталған.

Бұл ұшақтар Тайвань әуе күштерінің мүмкіндіктерін кеңейтіп, Қытайдың әскери авиациясына қарсы қорғаныс әлеуетін күшейтуге арналған.

АҚШ қару-жарақ жеткізуді кешіктіріп жатыр

Axios мәліметінше, Тайваньның АҚШ-тан сатып алуға тапсырыс берген, бірақ әлі жеткізілмеген қару-жарағының жалпы құны шамамен 30 миллиард долларға жеткен.

Мұндай кідірістер Тайваньның ішкі саясатында да пікірталас туғызған.

Атап айтқанда, оппозициялық Гоминьдан партиясы Вашингтонның қару-жарақты уақытында жеткізе алмауын сынға алып, АҚШ-пен жаңа әскери келісімдер жасасудың тиімділігіне күмән келтіріп отыр.

Ал АҚШ-тың бұрынғы қорғаныс саласы өкілдері әскери өндіріс қуатының шектеулі екенін және әлемнің басқа аймақтарындағы қақтығыстар қару-жарақ жеткізу мерзіміне әсер етіп жатқанын айтады. Соған қарамастан Вашингтон Тайваньның қорғаныс қабілетін қолдау саясатын жалғастырып келеді.

Айта кетейік, АҚШ Тайваньмен ресми дипломатиялық қатынас орнатпағанымен, аралдың негізгі қару-жарақ жеткізушілерінің бірі саналады. Бейжің Вашингтонның Тайваньға қару сатуына бірнеше рет наразылық білдірген.

Сайт Әкімшілігі