Қызылорда облысында сот төрағасы мен судья 9 жылға сотталды
Қызылорда облысында сыбайлас жемқорлық қылмысына барғаны үшін Қазалы аудандық сотының төрағасы мен судьясына қатысты үкім шықты.
2026 жылғы 18 қыркүйекте сот Д. Әбдіқалықов пен С. Бертайды кінәлі деп танып, әрқайсысына 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Сот материалдарына сәйкес, олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлігінің 2-тармағында, сондай-ақ 366-бабы 3-бөлігінің 2 және 4-тармақтарында қарастырылған сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстарды жасағаны үшін жауапқа тартылған.
Тергеу мәліметінше, судьялар биыл қаңтар айында ірі мөлшерде пара алу күдігімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тарапынан ұсталған.
Оларға қатысты қылмыстық іс сотта қаралып, нәтижесінде бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылданды.
Уәкілетті органдар сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатқанын мәлімдеді.