Қызылордада 336 миллион теңгеге салынған монумент дәретханаға айналған
2012 жылы Қызылорда қаласында «Сыр Ана» монументі пайдалануға берілген болатын. Қала күні мерекесі аясында салтанатты ашылу рәсімі өтіп, сол уақытта облыс әкімі болған Болатбек ҚУАНДЫҚОВ, стелланың өзгешелігіне тоқталған еді.
Ұзындығы 40 метр болатын монумент Сыр елінің брендіне айналуы тиіс еді. Алайда, араға алты жыл өткеннен кейін бұл мақсаттың жүзеге аспады.
«Сыр Ана» қаланың шет жағында орналасқан. Орталықтан сәл алыстау орналасқандықтан тұрғындар да жиі бара бермейді. «Өз басым бір ретте барып көрмеппін. Өте алыс. Бірақ барып көрген достарым ішіне кіре алмай қайтыпты. Есігі жабық тұрады екен. Егер айналасында қызық дүниелер болса баратын едік», — дейді қала тұрғыны Дарын ТӘЖІМҰРАТ.«Мен монументтің жанында тұрамын. Жазда достарыммен серуендейміз. Бірақ үнемі адам болмайды. Егер орталықта салынғанда тұрғындар көбірек келер еді деп ойлаймын», — дейді тағы бір қала тұрғыны Айдана ҚОЗЫБАЕВА.Әкімдіктегілер болса монументтің шет жақта салынғанын жоққа шығарып отыр. Мемлекет теңгеріміне өткен нысан қараусыз қалмайды дейді.
«Үстіміздегі жылдың наурыз айында монумент айналасындағы брусчаткаларға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Стелланың іші дәретханаға айналып кеткені рас. Бірнеше мәрте терезелерін сындырып кету фактілері орын алды. Сол себепті ішін ретке келтіріп, жауып қоюға мәжбүр болдық. Алдағы уақытта монументтің ішіндегі баспалдақтарына техникалық қарау жүргізіп, есігін қайта ашатын боламыз. Бұның барлығы қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін жасалынып отыр», — дейді қызылорда қалалық тұрғын үй шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Біржан ДАЛАБАЕВ.Қазіргі мамандар монументтің айналасын абаттандыру мақсатында эскиздік жоба әірлеген. Аталмышжоба аясында стелланың айналасы көгалдандырылып, балаларға арналған ойын алаңы салынбақ. Сондай –ақ ұлттық нақыштағы дүниелер қойылады. Бірақ, бұл жұмыстарды жүзеге асыруға қажет қаражаттың қашан бөлінетіндігі әзірге белгісіз.
Айнұр Манатбай, Қызылорда
Фотолар: автордікі.